ОҚО-дағы әлеуметтік салаларға «Катко» кәсіпорны жылда 300 млн. теңге бөліп отырмақ

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев уран өндіруші «КАТКО» Қазақстан-Франция бірлескен кәсіпорыны» ЖШС-нің бас директоры Жерар Фриеспен кездесті. Әкімдік тарапынан жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде, «КАТКО» бірлескен кәсіпорыны жыл сайын облыстың әлеуметтік салаларына 300 млн. теңге көлемінде қаржы бөліп отыратын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Басқосуда қос тарап бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында өңірдің әлеуметтік салаларын қаржыландыру жөніндегі меморандумға қол қойды. Осы меморандум аясында уран өндіретін кәсіпорын қажетті тауарларды отандық тауар өндірушілерден сатып алуға ниетті екенін білдірді.

Айта кетейік, бұған дейін аталған компания өңірдегі әлеуметтік салаларға 150 млн. теңге көлемінде қаржылай көмек беріп келген болатын.

«КАТКО» Қазақстан-Франция бірлескен кәсіпорыны» ЖШС-і Созақ ауданындағы «Мойынқұм» кенішінде уран өндірумен айналысады. Жылына 4 мың тоннаға дейін уран өндіретін компания өткен жылы қазынаға 22,6 млрд. Теңге көлемінде салық құйған. Мұнан бөлек, облыс тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, сол маңайдағы елді мекендердің әлеуметтік мәселелеріне көңіл бөліп келеді. Аталған компанияда бүгінде 1276 азамат еңбек етсе, оның 1246-сы қазақстандықтар, ал оның 899-ы, яғни, 72 пайызы оңтүстікқазақстандықтар.

Соңғы жаңалықтар