ОҚО-да жылыжай көлемі 300 гектарға ұлғайтылмақ

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында жылыжай көлемі 300 гектарға ұлғаяды. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен селекторлық мәжілісте сөз болды. Жиында сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарына дайындық жұмыстары пысықталды. Шаруаларды арзандатылған жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, несиелендіру шараларын тездету, кооперативтер құру, жылыжай көлемін арттыру, шегерткемен күрес мәселелері жан-жақты талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы жөнінде облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Серік Тұрбеков баяндама жасады. Оның айтуынша, егіс көлемін, суармалы жерлерді ұлғайту, интенсивті бау, жаңғақ, жүзім шаруашылығын дамыту, шағын мал бордақылау алаңдары мен сүт фермаларын, құс, балық шаруашылықтарын дамыту бойынша индикаторлар аудан, қала әкімдіктерімен келісіліп бекітілген.

Бұдан бөлек, биыл өңірде 792,3 мың гектарға  ауыл шаруашылығы дақылдары егілетін болады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,7 мың гектарға артық. Сондай-ақ 1 500 мың гектарға интенсивті бау, жүзім, жаңғақ отырғызылмақ. Жылыжай көлемі 300 гектарға артып, тамшылатып суару әдісі 7,2 мың гектар алқапта қолданылатын болады.

Басқарма басшысының баяндамасын тыңдаған облыс әкімі көктемгі егіс жұмыстарына дайындық қағаз жүзінде болмауын ескертіп, жылыжайлар көлемін ұлғайтуды тапсырды.

«Біз күзде мол өнім алу үшін, бүгінгі дайындық жұмысы жоғарғы деңгейде болуы қажет. Барлық аудан, қала әкімдері мен ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшыларына өндірістік жылыжайлардың көлемін көбейтуді тапсырамын. Межелі 300 гектарға жеткізу жұмыстары жүйелі түрде атқарылуы тиіс. Ондағы мақсат - елімізді ерте көктемгі көкөніспен қамтамасыз ету. Бұл бағыттағы жұмыстар менің жеке бақылауымда болады», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Айта кетейік, Облыста барлық жылыжайлар  көлемі 1123,1 гектарды  құрап республикадағы үлесі 87 пайызға жетіп отыр. Оның  ішінде өнеркәсіптік жылыжайлар көлемі  67,7 гектар құрайды.

Соңғы жаңалықтар