ОҚО-да жыл басынан бері 6 адам улы газдан қайтыс болған

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Оңтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері улы газбен уланудың 10 оқиғасы тіркеліп, 17 адам ауруханаға түскен. Оның ішінде 11 адам қатты отын мен табиғи газдан уланып, 6 адам қайтыс болған. Бұл туралы бүгін өңірдің  Төтенше жағдайлар департаменті басшылығы мәлімдеді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Департамент бастығы Нұрболат Дербісовтың сөзінше, қайғылы жағдайлар көбінде тұрғындардың  жылыту маусымында өрт қауіпсіздік қағидаларын бұзу себебінен орын алады. Қатты отынды пайдаланатын пештердің және табиғи газдағы жылыту қазандықтарының, сондай-ақ  су жылытқыш құралдарының жарамсыздығы және дұрыс пайдаланбауы, жылыту жүйелерінің ақаулықтары және конструкциялардың кемшіліктері, жылыту құралдарын тез жанатын заттарға жақын орналастыру келеңсіз жағдайларға әкеп соқтырады.  Мәселен, қатты отынды пайдаланатын пештерді газға ауыстырып, пештің құбырларын ауыстырмай, пайдаланады. Ал, пештердің құбырлары газға бейімделмегендігінен, улану оқиғалары тіркеліп жатады. Сол үшін сала мамандары халықты жылыту құралдарын орнату, оны пайдалану кезінде өрт қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігін ескертеді.  Қажет болған жағдайда газдабылқаққышты орнатса бөлменің ішіндегі газдың концентрациясын бақылап, төніп тұрған қауіп-қатер туралы  уақтылы ескертуге көмектесетінін айтады. 

«Жылыту маусымында азаматтардың өлімін және улануының алдын алу бойынша жасөспірімдермен үлкен жұмыстар жүргізіледі.  Әрине, өткізіліп жатқан іс-шаралар өзінің жақсы нәтижелерін беріп отыр.  Атап айтсақ, 2016 жылмен салыстырғанда жылдың басынан жылыту маусымында қайтыс болғандардың саны 50%, ал жарақаттанғандардың саны 25% төмендеп отыр. Өткен жылы осы уақыт аралығында 9 оқиға тіркеліп, 22 адам уланған, оның ішінде 12 адам қайтыс болған еді», -  дейді Н. Дербісов.   

Соңғы жаңалықтар