ОҚО-да жұртшылыққа жаңа Салық кодексінің жобасы түсіндірілді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында салық төлеушілерге оңтайлы жаңа Салық кодексінің жобасы түсіндіру бойынша өңіраралық көшпелі семинар өтті. Басқосуға Қазақстанның салық төлеушілер қауымдастығының кеңесінің төрайымы Жанат Ертілесова мен кеңесшілер, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Азамат Амрин қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиынға сондай-ақ, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Арғын Қыпшақов бастаған мамандар және уәкілетті органдардың өкілдері, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облысының салық төлеушілері мен Мемлекеттік кірістер департаменттерінің басшылары және қызметкерлері  де арнайы шақырылды.

Қазақстанның салық төлеушілер қауымдастығының кеңесінің төрайымы Жанат Ертілесованың төрағалығымен өткен семинарда Ұлттық экономика министрлігі, салалық министрліктер, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті және бизнес қауымдастықпен бірлесе әзірлеген жаңа Салық кодексінің жобасы жұмыс тобының мамандармен таныстырылып, талқыға салынды.

Жиында сөз сөйлеген Ертілесова жаңа Салық кодексіндегі өзгерістер салық салу идеологиясын өзгертіп, салық төлеушілерді қорғау мен экономиканың маңызды салаларын ынталандыруға бағытталғанына назар аудара отырып, жұмыс тобының кәсіби мамандары жаңа кодекстегі әрбір өзгеріс бойынша тоқтала  түсіндіретінін айтты.

Атап айтқанда, жоба азаматтардың салықты өз еркімен төлеуге ынталандыратын болады. Барлық түсініксіз баптар салық төлеушінің пайдасына шешіліп және салықтық дауларды әділ қарауға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, жаңа Салық кодексі жобасы ондағы баптар оқығанға жеңіл және түсінікті болуын көздейді.

Өз кезегінде, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті Төрағасының орынбасары Арғын Қыпшақов сөз алып,  жаңа Салық кодексінің жобасы бойынша салық төлеуші салық органының түсіндіруіне сәйкес әрекет еткен жағдайда, айыппұлдар мен өсімпұлдарды қолданбау ұсынылатының жеткізді. Сонымен қатар, салықтық тексеру актілерінде тиісті негіздемелердің болуы көзделгені туралы айтты.

Шара барысында, салық төлеушілеге жаңа жобада шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолданыстағы арнайы салық режимдері сақталып, шығыстарды есепке алу арқылы жеңілдіктер беру қарастырылғаны айтылды. Сондай-ақ, жаңа жоба бойынша енді азаматтар кәсіп бастауы үшін тіркеусіз,  кәсіп бастағаны туралы мемлекеттік кірістер органына ескертіп хабарландыру жібереді. Хабарламаны алған салық қызметкерлері бір жұмыс күнінде кәсіпті тіркейді.

Басқосуда жұмыс тобының мүшелері жаңа кодекстегі басқа да өзгерістер туралы түсіндірді. Атап айтқанда, жаңа Салық кодексте аграрлық секторға ынталандыру шаралары да ұсынылған. Жобада шаруа-фермер қожалықтарында, мүшелері мен жұмысшыларына салынатын әлеуметтік салықты алып тастау ұсынылған. Сондай-ақ бірыңғай жер салығын төлеушілер қосылған құн салығын төлемейді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін қосылған құн салығы бойынша жеңілдіктер, дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарына сәйкес, ішкі өндіріс тауарлары және импорт үшін салық салудың тең шарты қолданылуы тиіс талабына байланысты жойылады.

Сонымен қатар,  ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің жұмыс тобы инвестициялық жобаларға салық салу, кейбір жеңілдіктер алынуы туралы өзгерістерді түсіндірді.

Семинар соңында салық төлеушілер тарапынан жаңа Салық кодексінің жобасымен танысу барысында туындаған көкейтесті сұрақтармен ұсыныстар берілді. Келіп түскен сұрақтардың басым бөлігі электронды шот-фактуралары, міндетті әлеуметті медициналық сақтандару, салықтық тесерулер, тәукелдер басқару жүйесі, қосылған құн салығы, жер қойнауын пайдалану салаларына қатысты болды. Өз кезегінде жұмыс тобының мамандары қатысушыларға толыққанды жауаптар беріп,  ұсыныстар мен ескертпелерді  қарап шығатындықтарын  жеткізді.

Соңғы жаңалықтар