ОҚО-да ветеринарлар жыл басынан бері құтыру ауруының 8 жағдайын анықтаған

None
None
АСТАНА. 11 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспановтың төрағалығымен селекторлық мәжіліс өтті. Жиында Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекциясы мен Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясының 2013 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарған жұмыстары туралы есептері тыңдалды. Бұл туралы ОҚО әкімдігі баспасөз қызметінен хабарланды.

Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекциясы мәліметтеріне қарағанда, биыл облыс көлемінде ауылшаруашылық дақылдарын зиянкестерден қорғау мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылған. Мәселен, «марокко шегірткесіне» қарсы 905 660 гектар зерттеуден өткізіліп, 105 080 гектар алқап химиялық өңдеуден өткен. Ал «қауын шыбынына» қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 5254 гектарға жасалған. Өңірдегі 54 шаруашылыққа тұқым шаруашылығы мәртебесі берілген. Олардың арасында 5 шаруашылықтың қайта аттестаттаудан өтіп жатқаны мәлім болды.

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің ОҚО бойынша аумақтық инспекциясының жетекшісі Т. Сейілбековтің хабарлауынша, жыл басынан бері облыста құтыру ауруының 8 жағдайы анықталған. Аталған аурудың алдын алу мақсатында 48 325 қаңғыбас ит пен иесіз мысық жойылған. Облыстағы 25 мал базарына сараптау жұмыстары жүргізіліп, 5 базардың жұмысын тоқтату үшін сотқа тиісті талап-арыз жолданған. Облыстағы мал сою орындарының ветеринариялық-санитарлық ахуалына саралау жасалып, 38 тұлғаға әкімшілік шара қолданылған.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Б. Оспанов сала басшыларына бірқатар міндеттер жүктеп, тапсырмалардың орындалуын қатаң бақылауға алатынын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар