ОҚО-да төбелескен екі депутатқа қатысты қылмыстық іс қозғалды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында төбелескен екі депутатқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы өңірдің ІІД баспасөз қызметі мәлімдеді. Департаменттің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзованың мәлімдеуінше бір-біріне қол жұмсаған түлкібастық депутаттарға қатысты Қылмыстық кодекстің 107 бабы «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiрумен» іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде , деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

«17,18 наурыз күні Түлкібас аудандық ІІБ 1955 жылы туған жергілікті екі тұрғыннан бір-біріне қатысты екі арыз түсті. Қазір бұл арыздар құзырлы органда тіркеуге алынып, тергеу шаралары жүргізілуде. Бірқатар сот-медициналық сараптамалар тағайындалды», - деді С.Қаракөзова.

Еске салайық, бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында екі депутат төбелесіп, екеуі де аудандық ауруханаға түсіп қалған болатын. Кейіннен олар Өтепбай Мәткәрімов пен  Айтбек Меңлібеков екені  анықталды. Халық қалаулыларының біріне дәрігерлер миы шайқалған деген диагноз қойса, екіншісі ауруханаға жүрек ұстамасынан түскен. Қазір дәрігерлер олардың жағдайын орташа қалыпты деп отыр.

Айта кетейік,  Өтепбай Мәткәрімов кезінде аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарса, Айтбек Меңлібеков біраз жылдардан бері «Ақсу-Жабағылы» қорығының директоры екені белгілі. Әзірге қос депутаттың не себепті төбелескені белгісіз күйінде қалып отыр. Оны тәртіп сақшылары анықтайтын болады. 

Соңғы жаңалықтар