ОҚО-да су шайған зираттан қоршаған ортаға қауіп бар ма
2018 жылғы 3 сәуір 12:02

ОҚО-да су шайған зираттан қоршаған ортаға қауіп бар ма

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданында ескі қорымды су шайып, марқұмдардың сүйегі жер бетіне шығып қалған болатын. Ал кейбірі бұлақ пен өзен суларына ағып кеткен. Зират орналасқан Зертас ауылының әкімі Лесбек Серікбаев оқиға салдарынан қоршаған ортаға келер зиянның бар-жоғын және ашылып қалған қабірлер мәселесі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімнің сөзінше, қорымның астынан бес бірдей бұлақ көзі шыққан. Ондағы сулар қорымның жанын жарқабаққа айналдырған. Салдарынан бірнеше марқұмның сүйектері суға ағып кеткен.

«Қорымның жанындағы өзеннен 6 мың текше метрге дейін су ағуда. Қазір біз қорымның жанына қауіпті аймақ деген белгі қойып, сүйектерді біртіндеп басқа жаққа көшіріп жатырмыз. Ол оңай шаруа емес. Алдымен марқұмдардың туыстарын тауып, олардың рұқсатын алуымыз керек. Әзірге үш адамның сүйегі көшірілді. Енді 22 адамның мүрдесін көшіруді жоспарлап отырмыз», - дейді Лесбек Серікбаев.

Ауыл әкімі қорымның сумен шайылып кетуі қоршаған ортаға зиян келтірмейтінін айтты. Оның сөзінше, бұлақтардың суы бүгінгі күні тап-таза.

«Біз өңірлік Қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне арнайы хат жолдадық. Онда бұлақ суының тазалығын тексеріп, инфекцияның бар-жоғын анықтап беруді сұрадық. Тиісті департаменттің мамандары барлығын тексерді. Судан ешбір инфекция немесе зиянды нәрселер табылмады. Бұл суды ауыл тұрғындары тұтынбайды. Ол тікелей Тоғыс су қоймасына құйылады», - дейді Зертас ауылының әкімі.

Ал, әзірге жергілікті билік қорымды көшіру үшін ауа райының жылынуын күтіп отыр. Өйткені жаңбыр жауса судың деңгейі көтеріліп, бірқатар қиындықтар тумақ. «Күн жылы кезде су азайып, жұмыстарды бастауға болады», - дейді әкім.

Еске салайық, ОҚО-ның Төлеби ауданында ескі зиратты су шайып, қабірлердің ашылуы салдарынан сүйектер бұлақ пен өзен суына ағып жатқанын хабарлаған болатынбыз.




фото: stavagroland.ru

Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT