ОҚО-да су ресурстарын үнемдеу мақсатында 50 мың гектар алқапқа тамшылап суару технологиясы енгізілмек

None
None
АСТАНА. Шілденің 31-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Оңтүстік Қазақстан облысында су ресурстарын үнемдеу  мақсатында алдағы жылдары 50 мың гектар алқапқа тамшылап суару технологиясы енгізілмек.

Бұл туралы бүгін ОҚО-дағы мәселелерді шешуге арналған Үкімет отырысында аталған облыстың әкімі Асқар Мырзахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

  «Суды пайдалану көлемін айтарлықтай төмендету үшін, яғни облыстың су ресурстарына тәуелділігі мәселесін шешу бағытында тамшылап суару әдісін енгізу керек», - деді әкім.

 Оның айтуынша, биылғы жылы 2 мың гектар, 2010 жылы 20 мың гектар, 2011 жылы 28 мың гектар алқапқа аталған технологияны енгізу қарастырылып отыр.

 «Осы арқылы алдағы жылдары бұл технологияны пайдалану алқабын 50 мың гектардан асыруды қарастырып отырмыз. Осы шаралар бізге 558 миллион текше метр суды үнемдеуге мүмкін береді»,-деді А. Мырзахметов.

 Өз кезегінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы суармалы енгістерінің мәселесіне тоқталған Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев, «бұл өңірден біз кепілдендірілген түрде жыл сайын өнім аламыз. Кезінде бізде 2,3 миллион гектар  осындай егістер болған. Ал қазір 1,4 миллион гетарға төмендеп қалды. Соның ішінде бүгінде ОҚО-да біраз жерлер игерілмей тұр», деді.

 А. Күрішбаевтың сөзіне қарағанда, аталған мәселені шешу бағыттарының бірі суармалы егістерге қатысты істен шыққан коллекторлар мен су жүйелерін ретке келтіру болып табылады.

 «Осыған байланысты арнайы комиссия әр облыста жұмыс істеп жатыр. Комиссия жұмысының негізгі мақсаты - коллекторлардың республикалық немесе коммуналдық, сондай-ақ жекеменшік иелегінде тіркелуі мәліметтерін анықтап алу. Осыған орай республикалық меншіктегі аталған нысандар бюджет есебінен жөнделетін болады»,-деді министр.

Соңғы жаңалықтар