ОҚО-да шаруаларға субсидия алудың шарттары түсіндірілді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында шаруаларға субсидия алудың шарттары түсіндірілді. Алқалы жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығы биылғы жылы асыл тұқымды ірі қара мен бордақы басына берілетін қаржы көлемі артқанын жеткізді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Сала мамандарының сөзінше, ағымдағы жылы мемлекеттік субсидия көлемі өзгеріп отыр. Оған сәйкес, мал басын мыңнан асырған ірі қожалықтарға қомақты қаржы беріледі. Ал, асыл тұқымды ірі қараға берілетін қаржы 1500-ден 2500 теңгеге өскен. Мал бордақылап, ет өндіретін шаруалар да  субсидияны енді басқа шарттар бойынша рәсімдейді. Бұрын еттің әр келісіне қаржы алса, бұдан былай бордақы басына қаржы қаралады екен. Бұл өзгеріс өз кезегінде ет өндірушілерге оңтайлы болмақ, - дейді басқарма өкілдері.      

«Қой шаруашылығына да қолдау мықты. Селекциялық жұмыс  жүргізген қожалықтарға мал басына 2500 теңгеден қаржы қаралып отыр. Мемлекеттік қолдауға балапан баққан шаруа да қол жеткізе алады.  Егер былтыр асыл тұқымды, тәуліктік шөже үшін 300 теңге субсидия алса, биыл бір күндік балапанның өзіне 400 теңгеден бөлінеді. Ал, арнайы фабрикадан жұмыртқа алып, бастырғандарға  200 теңгеден беріледі», - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Б.Батырбекұлы.

Субсидиялаудың жаңа жобасы әсіресе, ірі қожалық иелеріне тиімді болмақ. Оларға сүтті әрі  етті жүз сиырының әр басы үшін 18 мың теңге субсидия төленеді. Ал, ірі қарасы  3 мың бастан асса, қаржы екі есеге артады.

«Бұл өзгеріс дұрыс болды. Бұрын етке берілетін қаржыны күтетінбіз. Қазір мал басына берілсе, жем - шөп алуға көмек болар еді», - дейді жергілікті шаруа қожалығының төрағасы Д. Байменов.

Соңғы жаңалықтар