ОҚО-да прокурорлар алимент ала алмай жүрген аналарды құттықтады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданының прокурорлары алимент ала алмай жүрген 65 ананы мерекесімен құттықтап, сый-сыяпат жасады. Олардың мұң мұқтажын тыңдап, алимент өндіру мәселесі бойынша туындаған проблемалардың шешу жолдарын қарастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

«Алимент төлемеуге қарсы 30 қадам» жобасының аясында ұйымдастырылған іс-шараға аудан әкімдігі, мәслихат депутаттары мен ішкі істер басқармасының басшылары да арнайы шақырылды.  Сонымен қатар жиынға аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасы, аудандық ішкі саясат бөлімі қызметкерлері, аудандық мемлекеттік және жеке орындаушылары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен жұмыспен қамту орталығының өкілдері, қоғамдық бірлесітік мүшелері қатысты.

Көпшіліктің басын қосқан шарада қадағалаушы орган өкілдері  алимент өндіруші азаматшаларға Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» Заңының, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің,  Азаматтық және Қылмыстық кодекстерінің талаптарын түсіндірді.

Басқосуда сондай-ақ борышкерлермен алиментті аз төлеу мақсатында жеке кәсіпкер немесе шаруа қожалықтарына жұмысқа орналасып, болмашы айлық жалақысы жөніндегі анықтаманы сот орындаушыларына ұсыну деректері орын алып отырғаны сөз болды. Ажырасқан ерлі-зайыптылар арасында ортақ мүлікті бөліп алуға қатысты  және  ұзақ мерзімдер бойы төленбей  келе жатқан алименттерді өндіруге қандай шаралар көруге болатындығы жөнінде заң талаптары сөз болды.

«Бүгін осы шарада шағымын айтқан азаматшалардың аты-жөндерінің тізімі жасалып, көтерген уәждері бойынша атқарушылық іс-жүргізу өндірістерін тексеру аудандық прокуратураның бақылауына алынды. Қажет болған жағдайда прокуратура тарапынан сіздерге заң талаптары түсіндіріліп, құқықтық кеңестер беріледі»,-деді Сарыағаш ауданының прокуроры Нұржан Боранбаев.

Жиынды қорытындылаған қадағалау органы өкілдері аяулы аналарды  8 наурыз мерекесімен құттықтап, оларға сыйлықтар табыстады. Тағдырдың жазуымен перзенттерін жалғыз өздері тәрбиелеп жүрген нәзікжандыларға концерттік бағдарлама қойылды. 

Соңғы жаңалықтар