ОҚО-да пиязды инновациялық әдіспен егуді қолға алды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында диқандар  пиязды инновациялық әдіспен егуді қолға алды. Шардаралық шаруалар өткен жылы гектарына 80 тоннадан өнім алса, биыл гектарына 100 тоннадан астам пияз жинауды  жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Бес жылдан бері пияз егу жұмысымен айналысып келе жатқан «Тұрар» шаруа қожалығы биылғы жылы 35 гектар алқапқа дән сепкен. Пияз тұқымын бір мезетте бірнеше жұмысты атқаратын жаңа заманауи техникамен егуде. Яғни, техника, біріншіден арасы 3 см-ден тұқым тастаса, екіншіден, тамшылатып суғаратын су түтігін қоса көмуде.  Сондай-ақ, бір гектар жерге  6 келідей тұқым кетеді, ал жоғары сортты тұқымның бір келісі 64 мың теңге тұрады. Жерді жыртудан бастап, жиын-терім науқанына дейінгі жалпы шығынның көлемі әр гектарға 1 млн. 300 мың теңгеден жұмсалады екен. «Ранко» деп аталатын жаңа тұқым сортын егіп жатқан диқандар мұның өнімі бітік боларына сенімді.  Әрі  түскен өнім кеткен шығынды еселеп жабады,- дейді олар.

Еске салайық, Шардара ауданындағы Жаушықұмның жуасы жалпақ жұртқа жақсы таныс. Тіпті, 2013 жылы Мәскеуде өткен жәрмеңкеге «Тұрар» шаруа қожалығы 20 тонна өнім апарған болатын.

Соңғы жаңалықтар