ОҚО-да Ораза айында жалғызілікті қарттардың баспанасы күрделі жөндеуден өтті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданында Ораза айында «Қайырымдылық - асыл қасиет» атты қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Шара барысында арнаулы әлеуметтік күтімді қажет ететін жалғызілікті қарттардың баспаналары күрделі жөндеуден өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан әкімі Ерлан Айтахановтың бастамасымен бір топ кәсіпкерлер мен зиялы қауым өкілдері аталған қарияларды қасиетті Айт мерекесі қарсаңында құттықтап, шаңырақтарына бас сұқты.

«Сауапты іске Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мұрындық болды. Аудандық бюджеттен арнаулы әлеуметтік күтімде жалғызілікті қарт есебінде тұратын 5 азаматтың үйін жөндеу үшін әрқайсысына 200 мың теңге бөлінген болатын. Әрине, бұл қаражаттың жетімсіз екендігі белгілі. Отырарда кәсібін дөңгелетіп отырған жаны жомарт, қолы ашық кәсіпкерлер аз емес. Ораза кезінде басталған осы іске жұмыла кіріскен азаматтар аз уақытта жөндеу жұмыстарын аяқтады. Рухани құндылықтарымыздың бірі «Асар» әдісінің жаңғыруын, қиындық көрген ауылдастарына жәрдемдесуді парызым деп білетін қазақы қалпымызды көріп отырмыз. Адамдарға қуаныш сыйлайтын осындай акция келешекте де жалғасын табады»,- деді аудан басшысы Ерлан Айтаханов.

Баспаналары жөндеуден өткен қазыналы қарттар игілікті іске алғыстарын жеткізді. Ақ баталарын беріп, елге амандық, жұртқа тыныштық, аудан басшысы мен халыққа мәңгілік шуақты күндер тіледі.

«Қарттық жеңіп, баспана жайын жөндеуге күш-қуат жетпей отырған шақта қолдау білдіріп, мейірімін танытқан аудан басшысы бастаған барша ізгілікті ел азаматтарына айтар алғысым мол. Кең пейілді халқыма да ризамын. Баршаңызға екі дүниенің бақытын нәсіп етсін!»,-деді Талапты ауылының тұрғыны Дүйсенкүл Өскенбаева.

Зейнеткерлерге аудан әкімі сондай-ақ арнайы сый-сияпаттар табыс етті. Қартына демеу бола білген отырарлықтар игілікті бастама алдағы уақытта да жалғасын табатындығын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар