ОҚО-да облыстық өнер фестивалінің жеңімпаздары анықталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты облыстық өнер фестивалі мәресіне жетті. Өңірдің мәдениет басқармасы мен мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен шарада үздік ауылдық клубтар анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауылдық жерлердегі мәдениет үйлері мен клубтардың мәдени ахуалын және үйірме жұмыстарының деңгейін бағалауға және ондағы жұмыс сапасын арттыру мақсатында ұйымдастырылған байқауда халық шығармашылығын дамыту, ауылдық клубтар жанынан құрылған көркемөнерпаз ұжымдарына қолдау көрсету көзделген болатын.

Осы мақсатта сәуір айынан бері қазылар алқасы әрбір қала-аудандардағы мәдениет ошақтарын аралап шықты. Жергілікті жерлердегі мəдени орындардың тыныс-тіршілігі мен жетістіктерімен танысты. Фестиваль барысында сондай-ақ клубтардың ішкі - сыртқы безендірілуі, тазалығы, көгалдандырылуы, үйірмеге қатысушылар да сарапқа салынды. Қолөнер шеберлері мен суретшілер көрмесі және жергілікті жердің дарындары мен көркемөнерпаз ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарламалар да ұсынылды.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге Отырар ауданындағы Отырар ауылдық клубы лайық деп танылды. Жүлделі бірінші орынға Төлеби ауданындағы Мəдени ауылдық клубы ие болса, екінші орынмен Түлкібас ауданының Жабағылы ауылдық клубы жəне Бəйдібек ауданындағы Екпінді ауылдық клубтары марапатталды.

Үшінші орын Кентау қаласының Ащысай ауылдық клубы мен Ордабасы ауданындағы Қараспан ауылдық клубына берілді. Сонымен қатар, облыстық мəдениет басқармасының арнайы жүлдесімен Шымкент қаласының Қызылжар ауылдық мəдениет үйі марапатталса, «Туған жер-алтын бесігім» аталымын Созақ ауданындағы Жартытөбе ауылдық клубы жеңіп алды.

«Мəңгілік ел» аталымы Сарыағаш ауданының Əлімтау ауылдық клубына, «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» аталымы Қазығұрт ауданының Тұрбат ауылдық клубына тапсырылды.

Жеңімпаздарға облыстық мəдениет басқармасының арнайы алғыс хаты жəне қаржылай сыйлықтар берілді.

Соңғы жаңалықтар