ОҚО-да «Мырзашөл жұлдыздары» жеңімпазына 1 млн теңге берілді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында «Мырзашөл жұлдыздары» атты жас әншілердің өнер байқауы өтті. Өнер сайысы араға 23 жыл салып қайта ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық деңгейдегі өнер байқауы Астана қаласының 20 жылдығы мен Мақтаарал ауданының 90 жылдық мерейтойына орай өткізілді. Мәдени шараға Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен ақын-сазгер Исарил Сапарбай, Қазақстанның эстрада жұлдызы Жұбаныш Жексенұлы мен аудан тұрғындары қатысып, керемет кештің құрметті көрермендері болды.

Байқаудың ашылуында сөз алған облыс әкімі аталған іс-шараның маңыздылығына тоқталып, бірқатар аудан азаматтарын «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен және Алғыс хатпен марапаттады.

«Қазақ әндері - халқымыздың баға жетпес байлығы, сарқылмас қазынасы. Осы қазынамыз жайында атақты өнер зерттеушісі Затаевичтің өзі жоғары пікір білдіріп: «Маған күллі қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деп атап кеткен. Осынау ұлттық өнерімізді көздің қарашығындай сақтап, оны дәріптеу, алақанға салып аялау - біздің басты борышымыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Адамзат тарихының күретамыры - мәдениет. Бұл бәрімізге белгілі ақиқат. Қай халықтың болмасын өзге жұртқа ұқсамайтын бөлек болмыс-бітімін даралап, өзіндік тағдырын айқындайтын басты белгі - мәдениеті.Сөйтіп, тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады» деген болатын. Осыны ескерсек, іргесі берік, сүйегі мығым мемлекет құрудың негізгі алғышарттарының бірі халықтың мәдени-рухани тұрғыдан дамуы дер едік»,-деді Жансейіт Түймебаев.

Өнер додасына өңірдің 20 жас әншісі қатысып, бақтарын сынады.  Байқау қортындысымен бас жүлдені жеңіп алған  мақтааралдық Әріпхан Нұрисламға 1 миллион теңге, І орынға лайық деп танылған шымкенттік «Сарын» тобына  иеленді 500 мың теңге берілді. Ал ІІ орын иегері Айнұр Аубакироваға 400 мың теңге табысталса, ІІІ жүлделі орын алған шардаралық Жандос Әшірбеков пен түркістандық Біржан Сапарбековаларға 300 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйлық тапсырылды.

Айта кетейік, 1993 жылы бастау алған байқау ел ішінде танылмай жүрген көптеген таланттарды жарыққа шығарды. Алғашқы өнер сайысының  өзінде-ақ бас жүлдені еншілеген Жұбаныш Жексенұлы ерекше әуезді үнімен елді таңдай қақтырған болатын. Ол бүгінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, қазақ эстрадасындағы жарық жұлдыздардың бірі. Ал келесі жылы Отырардан келіп, бағын сынаған Хадиша Шалабаева бас жүлдені жеңіп алған болатын.

Соңғы жаңалықтар