ОҚО-да мемлекеттік қызметшілерге қатысты түскен 100-ден астам шағым қанағаттандырылған

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметшілердің үстінен түскен 100-ден астам талап-арызды қанағаттандырған. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыс әкімінің кеңесшісі - жергілікті атқарушы органдардағы Әдеп жөніндегі уәкіл Әмірдин Әлішев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Әдеп жөніндегі уәкілдің сөзінше, өткен жылдан бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының аясында 36 мемлекеттік қызметшінің этикалық қарым-қатынасындағы кемшіліктерді анықтап, шара қолданылуына атсалысқан.

«Сонымен бірге, 74 мемлекеттік қызметші мен басқа да азаматтарға жеке қабылдаулар өткізіліп, толғандырып жүрген сұрақтарына жауаптар алды. Почта байланысы арқылы 8 арыз түссе, Кентау қаласы мен Қазығұрт ауданынан түскен 4 арыз облыстық Әдеп кеңесінің қарауына жолданып, бір мемлекеттік қызметшіге «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы» тәртіптік шара берілді. Сарыағаш ауданынан түскен бір арыз облыстық еңбек инспекциясы басқармасы арқылы тексеріліп, қазіргі уақытта сотта қаралуда»,-деді Әмірдин Әлішев.
Мұнан бөлек, бекітілген кестелерге сәйкес 97 іс-шара өткізіліп, облыс әкімі аппаратында, барлық облыстық басқармаларда, қалалар мен аудандарда жергілікті атқарушы органдарда қызмет атқаратын барлық мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен семинар-кеңестер өткізілді. Онда Әдеп кодексінен, мемлекеттік қызмет және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңдардан туындайтын талаптар түсіндіріліп, берілген сұрақтарға жауаптар берілген.

«Әдеп жөніндегі уәкілдің облыс әкімі аппараты ғимаратындағы жеке қабылдауында 14 адам болып, жазған арыздары заң талаптарына сай тексеріліп, жауаптар берілді. Ал телефон арқылы 8 адам хабарласты. Жалпы, осы уақыт аралығында Әдеп жөніндегі уәкілдің қабылдауында болғандар, телефон арқылы хабарласқандар, почта арқылы келіп түскен арыздардың саны 104-ті құрады», - деді Ә.Әлішев.

Сондай-ақ өткен жылдың сәуір айында өткізілген семинар-кеңестерге барлығы 3712 мемлекеттік қызметші қатысса, қыркүйек айында өткізілген басқосуларға аудан әкімдері, олардың орынбасарлары, аппараттың жауапты қызметкерлері, ауыл әкімдері, дербес бөлім басшылары, мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері, медицина мекемелерінің бас дәрігерлері қатысқан.

Соңғы жаңалықтар