ОҚО-да мектептің бұрынғы директоры аттестат сатқан деп айыпталуда
2018 жылғы 15 қаңтар 15:17

ОҚО-да мектептің бұрынғы директоры аттестат сатқан деп айыпталуда

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында мектептің бұрынғы директорының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Мақтаарал ауданындағы Фердоуси мектебінің бұрынғы басшысы тәжік азаматтарына аттестат сатқан деп айыпталуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мақтаарал аудандық №2 сотының судьясы Абай Ниязбековтың сөзінше, күдікті Кобилхожа Басиев Қылмыстық кодекстің екі бабымен істі болып отыр.

«6 қаңтар күні сезіктіге екі ай мерзімге қамауға алу туралы санкция берілді. Аттестатты беруге негіз болған оқушылардың Тәжікстан Республикасынан ауысып келген деген құжаттары, анықтамалары жалған деп күдіктеліп отыр. Оған Қылмыстық кодекстің 190 бабы 2 бөлігінің 1-3 тармақтары (Алаяқтық) бойынша қызмет бабын пайдаланып қылмыс жасаған деп айыпталуда. Сонымен қатар оған Қылмыстық кодекстің 385 бабы 1,3 бөліктері «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу» бойынша айып тағылды», - дейді Абай Ниязбеков.

Бүгінде бұрынғы мектеп директорының қорғаушылары қамауда ұстауды кепілге ауыстыру туралы облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірді. Облыстық соттың судьясы Тамара Смайлованың айтуынша шағым 12 қаңтар күні қанағаттандырылған.

Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT