ОҚО-да медициналық мекемелерден жүйелі түрде пара алып келген қос шенеунік сотталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында бас дәрігерлерден жүйелі түрде пара алған қос шенеунік сотталды. Әл-Фараби аудандық соты облыстың 60-тан астам медициналық мекемесінің қызметкерлерінен жүйелі түрде «қамқорлығы» үшін пара алғандарды бас бостандықтарынан айырды, -деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Әл-Фараби аудандық сотының төрағасы Маратәлі Бекназаров  айыпталушы  әрі бұрынғы облыстың Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті департаментінің бұрынғы орынбасары мен бөлім бастығын 7 және 7,5 жылға соттады. Олар жазаларын жалпы тәртіптегі түрмеде өтейтін болды.

Істі қараған сот төрағасының сөзінше айыпталушылар параның өтеуі ретінде медициналық мекемелердің  ай сайынғы есеп-қисаптарын еш кедергісіз өткізген. Пара көлемі бюджеттік ұйымға байланысты 5 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін жеткен.

«Алғашқы эпизод бойынша олар пара алу мақсатында медициналық мекемелерге хабарласып, есеп тапсыру үшін Астанаға баратынын айтып, параның көлемін астыртын сөздермен түсіндірген. Екінші жағдай бойынша олар облысқа тексеруге ревизор келгенін сылтауратып, оның ақша талап етіп жатқанын айтыпты. Тексеру актісін тиісті талаптарға сай жазу үшін департамент басшысының орынбасары ауруханалардан 1 000, емханалар  - 500 АҚШ долларынан жинауды тапсырыпты. Сотта айыпталушы  ақшаларды расымен жинап алғанын, барлығын ревизорға бермек болғанын мойындады. Десе де тексеруге келген ревизордың кінәсі дәлелденбеген. Оған қатысты қылмыстық іс қысқартылған», - деді М.Бекназаров. 

Тергеу барысында олардың 12 мың АҚШ долларын жинап алғаны анықталды. Сондай-ақ айыпталушылардың бірі өз еркімен тағы 793 000 теңге және 1 000 АҚШ долларын өткізген.  Яғни, бұл қаражаттарды  ол бөлім бастығы мен жекеменшік медициналық мекемелердің бірінен алғанын түсіндіріпті. Ал, айыпталушы бөлім бастығы 67 медициналық мекемеден 10 мың мен 30 мың теңге аралығында, бас-аяғы 993 мың теңгені жарты жылдық есепті жабу үшін жинап алғанын мойындаған. Алайда бұл қаражаттардың 793 мың теңгесін басшысына беріп, қалған 200 мың теңгесін бас пайдасына жаратыпты.

Соңғы жаңалықтар