ОҚО-да құтқарушылар қар құрсауында қалған ауылдарға дәрігерлерді жеткізді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - ОҚО-да құтқарушылар қар құрсауында қалған ауылдарға дәрігерлерді апарды. Науқастар тұратын  ауылдарға жолдар жабылып, жедел-жәрдем көлігі жете алмай қалған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Бәйдібек ауданына қарасты Бәйдібек ата ауылында 26 жастағы келіншек қатты ауырып, жедел жәрдем шақыртқан. Алайда аудандық аурухананың дәрігерлері  науқас әйелге жете алмапты. Себебі, ауыл арасындағы жолдар көктайғақ, әрі қар басып қалған. Аудан орталығынан дәрігер шақырта алмаған ауыл тұрғындары амалсыздан құтқарушылардың көмегіне жүгінген.
Себебі, сырқаттанып қалған жанның жағдайы уақыт өткен сайын ауырлаған. Кешкі 20.45 шамасында ОҚО ТЖД қарасты құтқарушылар жасағының 6 адамнан құралған жеке құрамы екі техникамен Бәйдібек аудандық ауруханасына жол тартады. Жолда боран тұрып, жүру қиындық туғызғандықтан  «Трэкол» техникасымен жетуге тура келіпті. Діттеген жерге түнгі 23.05-тер шамасында барып, дәрігер-хирургтарымен бірге шалғайдағы ауылға аттанған. Таңғы 6.35-тер шамасында Бәйдібек атадағы тұрғын үйге жеткен дәрігерлер  келіншектің денсаулығын тексеріп, оны аудандық ауруханаға жатқызу қажет деген шешімге келген. Сөйтіп құтқарушылар сырқат жанды аудан орталығына алып кетеді.
Жол жөнекей Ақтас ауылында 13 жастағы жасөспірім соқыршек белгілерімен қатты ауырып жатыр деген хабарлама түскен. Төтенше жағдайлар қызметкерлері дәрігерлерді алып жолай сол ауылға  соғыпты. Баланы қарап шыққан медицина қызметкерлері оны да аудандық ауруханаға жеткізу қажеттігін алға тартады. Екі бірдей науқасты да құтқарушылар дер кезінде Шаян ауылындағы емдеу мекемесіне жеткізген. 
null Айта кетейік, биылғы жылы оңтүстік өңірінде қыс қатты болып, көліктердің жүріп тұруы қиындаған. Әсіресе Бәйдібек, Созақ, және Түлкібас аудандарындағы асуларда жолдар жабылып, қар құрсауында қалған жолаушылар құтқарылды. Бәйдібек ауданында бірнеше науқас құтқарушылардың көмегімен аудандық аурухана жеткізілді. 

Соңғы жаңалықтар