ОҚО-да құлаған ғимарат астында қалған өрт сөндірушінің жағдайы ауыр

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте өртенген ескі ғимараттың қабырғасы құлап, астында бір өрт сөндіруші қалып қойды. Қазір оның жағдайы ауыр. Дәрігерлер толық медициналық тексеру жүргізіп болған соң, ота жасайтынын айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Өрт сөндіру қызметкері қазір Шымкент қалалық жедел-жәрдем ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды. Әзірге белгілісі оның екі жамбасы сынып, бір қолы күйіп қалған.

«Бізге өндірістік жарақаттан кейін өрт сөндіру қызметкері түсті. Келіп түскендегі жағдайы өте ауыр болатын. Кеуде жарақаты болған, жамбас сүйектері сыну жарақаты болған және сол жақ қолының күйген жарақаттары бар. Алған жарақатының ауыр болуына байланысты жансақтау бөліміне жатқызылды. Барлық тиісті көмек көрсетілді. Қуығы жарылып кеткен деген де күмән болып жатыр. Расталса тез арада ота жасалады»,-деді аурухананың дәрігер травматологы Нұрлыбек Паметов.

Белгілі болғандай, 35 жастағы өрт сөндіруші өртті өшіріп жатқан кезде бір қабырға құлап, оны басып қалған. Куәгерлердің сөзінше ол үйіндінің астында 15-20 минуттай жатып қалған. Кейін басқа қызметкерлер оны шығарып алған. Бізге түскен бейнематериалда оны әріптестері  құтқарып жатқан сәті бейнеленеді.

Ал, өңірдің төтенше жағдайлар қызметкерлері болса өрттің не себепті шыққанын әлі біле алмай отыр. Қазір тексеру шаралары жүргізіліп жатқанын айтады.

«Арнайы комиссия құрылады. Сол комиссияның шешімі бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіледі. Өрттің нақты себептері анықталып, қосымша хабарлайтын боламыз»,- дейді облыстық ТЖД-ның бас маманы Зарипа Тұрысбекова.

Еске сала кетейік, бүгін таңға жуық Шымкенттегі бұрын адвокаттар отырған ескі ғимарат өртеніп, нысанның күл-талқаны шықты. Қызыл жалынға оранған екіқабатты мекеме толығымен жанып кетті. Жарты бөлігі құлап, шатыры опырылып ортасына түсті.  Жалын 517 шаршы метр жерді шарпыған.  Өрттің күшті болғаны соншалық,  төтеншеліктер қызыл жалынмен екі сағаттан аса уақыт бойы арпалысты. Өрт сөндіру жұмыстарына департаменттің 113 жеке құрамы мен 17 техникасы, 2 су тасу көлігі жұмылдырылды. Жалынды ауыздықтау кезінде бір өрт сөндіруші  зардап шеккен болатын. 

nullnullnullnullnull

Соңғы жаңалықтар