ОҚО-да көңілдесінің порнографиялық бейнежазбасын әлеуметтік желіге жүктеген тұрғын сотталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында көңілдесінен 980 мың теңге бопсалаған тұрғын сотталды. Сарыағаш аудандық соты порнографиялық материалдарды әлеуметтік желіге жүктеп, әйелдің ар-намысына тиген азаматты 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Сарыағаш ауданының 34 жастағы тұрғыны әлеуметтік желіде бір бойжеткенмен танысып, кейін оны қонақүйге шақырған. Сөйтіп, екеуі Қапланбек ауылында орналасқан қонақ үйлердің бірінде кездеседі. Онымен жыныстық қатынасқа түскен соң, барлығын байқатпай ұялы телефонының бейнежазбасына түсіріп алыпты. Соңынан көңілдесіне хабарласып, 800 000 теңге талап еткен, «бермеген жағдайда екеуі жыныстық қатынасқа түскен кездегі жасырын түсірілген бейнежазбаны ғаламторға жариялап, масқаралаймын» деп, қорқытқан.

Жұртқа масқара болудан қорыққан әйел бопсалаушыға бөліп жүріп 700 мың теңге беруге мәжбүр болған. Алайда, оңай жолмен олжалы болған жігіт мұнымен қанағаттанбай, жарты жыл өткен соң тағы қулыққа көшеді.

«Ол көңілдесінің атынан «ВКонтакте» әлеуметтік желісінен жеке парақша ашып, жасырын түсірілген бейнежазбаны, фотосуреттерді сонда жүктеген.   Кейіннен оны өшіру үшін тағы да 500 мың теңге ақша талап еткен. Бермеген жағдайда әлеуметтік желідегі жалаңаш суреттерін  өшірмеймін деп талап қойыпты», - дейді Сарыағаш аудандық прокуратурасының аға прокуроры Әли Нұрлыбаев.

Амалы қалмаған жәбірленуші ішкі істер органдарына арызданады. Полицейлер бопсалаушыны 280 мың теңгені алып жатқан кезінде қолға түсірген. Осылайша төрт баланың әкесі ұсталып, оған қатысты тергеу шаралары жүргізілген. Бес айға созылған тергеу барысында айыпталушының қылмыстық әрекеті дәлелденді.

 Істі қараған Сарыағаш аудандық соты айыпталушыны Қылмыстық Кодекстің 311, 194, 147 баптары бойынша кінәлі деп тауып, оны 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды. Жазасын жалпы тәртіптегі колонияда өтеу белгіленді. Сондай-ақ сотталушының мүлкі тәркіленетін болды.  

Соңғы жаңалықтар