ОҚО-да қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті. Бейнелеу өнері музейінде ұйымдастырылған шараға 60-тан астам туынды қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған мәдени шараға келушілер өнер музейінің құнды жәдігерлерімен, қолөнер шеберлерінің жасаған бұйымдарымен, сондай-ақ салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты дәріптейтін шығармалармен танысты. Көрмеде Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, қазақ гобелен өнерінің кәсіптік негізін қалаған қолөнер шебері Батырбек Өтептің қазақ даласын, салт-дәстүрін, тұрмысын, жарасымды өмірін бейнелеген жұмыстары қойылды. Жергілікті шебер Әшірбек Желдібаев та өз бұйымдарын ұсынды.

«Мына заттардың әрқайсысының жеке-жеке тарихы бар. Бұл жерде кемел белдік, қанжар, өткір пышақ, үстел үстіне қоятын түрлі кәдесыйлармен қоса ежелден қыздар қолданған әшекейлер де бар. Негізінен қазақ халқының ұлттық ерекшелігін көрсететін заттарды алып келдім»,- Қазақстанның суретшілер одағының мүшесі Әшірбек Желдібаев.

Қала тұрғындары сонымен қатар ҚР мәдениет қайраткері Құттыбек Жақыповтың жаңа бедерлі технологияда орындалған гобелендерімен, ағаш ою шебері Яқия Әуелбековтың жұмыстарымен танысты. Қазақстан қолөнер шеберлері одағы ОҚО филиалының төрағасы, ҚР суретшілер одағының мүшесі Болатбек Бейсбековтың отбасылық қолөнер бұйымдары да осы жерден табылды. Бұл туындылар келушілердің көзайымына айналып, ерекше әсер қалдырды.

«Көк түріктен тараған көк бөрінің ұрпағы болғандықтан, біздің негізгі бағытымыз - ата-бабадан қалған мұраны - ұлттық құндылықтарды бүгінгі заман талабымен үйлестіре отырып, дәріптеу. Соның арқасында ісіміз алға басып келеді», - дейді жергілікті шеберлер.

Көрме барысында дәстүрлі әндер шырқалып, ұлттық ойындар ойнатылды. Алдағы уақытта дәл осы туындылар Түркістанда өтетін мереке күні ұзындығы 300 метрден асатын көрмеге қойылатын болады.

Соңғы жаңалықтар