ОҚО-да қоғамдық көліктерге бақылау күшейтілді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында қоғамдық көліктерге бақылау күшейтілді. Өңірдегі Аумақтық көлік инспекциясының өкілдері мен жол сақшылары және тиісті басқарма мамандары арнайы рейдтерге шығып, автобустар мен бағыттардағы көліктердің техникалық жағдайы мен құжаттарын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сала мамандарының сөзінше, «Автобус» рейдтік шарасын ұйымдастыруға соңғы кездегі қоғамдық көліктердің қатысуымен болған апатты жағдайлар себеп болған. Тексеру барысында жолаушы тасымалдап жүрген көліктерден 415 заңбұзушылық анықталған. 116 жүргізуші жол жүру кезінде ұялы телефонмен сөйлескені үшін әкімшілік жазаға тартылса, 52-сі жол ережесін өрескел бұзған. 12 көлік тізгіндеген азамат жылдамдықты шамадан тыс асырса, 16-сы жолаушыларды өткізбей қойған.

Сондай-ақ полицейлер 36 автобустың техникалық тексерістен өтпегені және тағы 15 жүргізушінің жолға шығу құжаттары дұрыс толтырылмағаны анықталды. Бір қызығы, кейбір жүргізушілер көліктерінің техникалық ахуалының қаншалықты тексерілгенін де білмейтін болып шықты.

Анықталған кемшіліктер бойынша әкімшілік хаттамалар толтырып, мәліметтер ішкі істер органдарына жолданды. Тиісті талаптарды орындамаған жүргізушілер мен компания басшылары енді заң аясында жауапкершілікке тартылады. Полицейлер болса рейдтік шараның 18 ақпанға дейін жалғасатынын айтады.

Соңғы жаңалықтар