ОҚО-да қазақ тіліне аударылған әлемге әйгілі 18 оқулық таныстырылды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша аударылған 18 оқулықтың таныстырылымы өтті. «Рухани жаңғыру» облыстық жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен өткен шарада жергілікті ғалымдар кітаптардың маңызына тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқосу барысында ғалым, оқытушылар аударылған оқулықтарға қатысты өз пікірлерін білдіріп, аталмыш еңбектерді дәріс беруде қолдануға қатысты пікірлерін білдірді. «100 жаңа оқулық» жобасына жастардың назарын аудартып, ой-өрісін кеңейту мәселесі сөз болды. Ұстаздар осы туындылар арқылы ақпарат алмасу тәсілдерін үйрету, мемлекеттік тілге аударылған кітаптар мен оқу құралдарын халық арасында насихаттау жайын талқылады.

«Осы жобаны іске асыру арқылы әлеуметтік және гуманитарлық білімге назар аудару - жаһандық ауқымдағы білім саласында бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға арналған платформаны қамтамасыз етуге жол ашылды. Оған дәлел бүгінде қолымызға тиіп отырған 18 кітап екенін айтқым келеді. Аудармада әртүрлі мәдениеттер, әртүрлі тұлғалар, әртүрлі ойлау құрылымы, дәстүрлер кездеседі. Бұл еңбектер өркениеттер арасындағы мәдени сұхбатты арттыра түсуге мол мүмкіндік береді деген сенімдемін. Сонымен қатар, аударылған оқулықтардың арқасында адамзат рухының шарықтаған биіктерін студенттер өз тілінде оқи алатын болады», - деді филология ғылымдарының кандидаты, доцент Баян Арынғазиева.



Жиынға қатысқан ғалымдардың сөзінше, бұл кітаптардың барлығы да құнды. Өйткені таңдалып алынған, көбісі 10 реттен басылып шыққан және басылымы 2014 жылдан кем емес деген талаптарға сай келеді. Сондықтан осы жобаға енгізілген оқулықтың әрқайсысының маңызы зор.

«Заманауи ұлттың басты шарты - бәсекеге қабілетті, ғылым мен білімді қатар меңгерген жасты тәрбиелеу. Бұл ретте мектеп пен жоғары оқу орнының маңызы зор. Жаңа оқулықтар білімнің нағыз энциклопедиясы болмақ. Әлеуметтану, философия, тіл білімі, психология салаларымен қатар, атқарылатын жұмыстың үлкен бір бөлігі экономика ғылымын да қамтып отыр. Кітаптар латын қарпінде басып шығарылғаннан кейін, оларды шетелде тұратын жастарымыз да оқи алатын болады. Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» аясында шетелдік ғалымдардың еңбектерімен қатар, өзіміздің отандық ғалым-педагогтардың да озық оқулықтарын кәдеге жарата білуіміз қажет», - дейді М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің ф.ғ.к, доцент Ақжол Қалшабек.

Басқосуды ұйымдастырушылар кітаптармен толығырақ оқып-танысуға 10 күн бойы көрме ұйымдастырылатынын айтады.

Айта кетейік, «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған алғашқы кітаптар ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа таныстырылған болатын. Аты әйгілі туындылар әлемнің 42 елінде 34 тілде жарияланған. Жалпы таралымы 47 млн дананы құрайтын философия, әлеуметтану, психология, экономика және басқа да пәндер бойынша әлемдік ойлардың алтын қорына енген еңбектер. Қазақстанда аударылған оқулықтар 10 мың дана таралыммен жарияланады, ал мамыр айында олар университеттер мен қалалардың кітапханаларына жіберіледі. Келесі оқу жылында жаңа оқулықтар нақты білім беру үдерісінде қолданылады деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар