ОҚО-да кәсіпкерлердің ісінде кедергілер көбейген

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес болып өтті. Онда бизнес өкілдері, мемлекеттік орган және палата қызметкерлері бас қосып, жеке істі жүргізудегі атқарушы билік орындары тарапынан орын алған кедергілерді талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Басқосуда бірнеше мәселе қаралды. Кәсіпкерлердің сөзінше, жергілікті атқарушы органдардың заңсыз әрекеттері мен бейжай қарауы салдарынан,  кәсіпкерлер мен жергілікті тұрғындар арасында даулар туындаған.  Мәселен,  Қызылжар ауылының тұрғындары жер қойнауын пайдаланушы кәсіпкердің арнайы техникасын межелі жеріне жібермеген.  Жолды жауып, бөгет жасаған. Бұл барлау мен өндіру келісімшартында көзделген міндеттемелерді орындауға  кедергі келтіріп отыр.  Кәсіпкердің құқықтарын қорғау мақсатында Кәсіпкерлер палатасы мен прокуратура органдарына, жергілікті полиция қызметіне, әкімшілік полицияға Сарыағаш ауданының әкімдігіне хаттар жазылған.  Алайда, бұл проблема әлі күнге дейін шешімін таппай келеді екен.

Сондай-ақ, жиында  жер Кодексіне қатысты мәселелер де сөз болды. Бұл ретте өңірдің іскер азаматтары аталмыш Заңның 44-бабы 3 тармағында белгіленген талаптар орындалмай отырғанын алға тартты. Айтуларынша Шымкент қаласы әкімдігінің сайтында интерактивті карта орналастырылғанымен  ол  бас жоспардың функциясын атқара алмауда. Яғни, бұл ақпарат кәсіпкерлер үшін қолжетімсіз және жабық бола тұра,  жемқорлық фактілерін тудыратын жағдайларға әкеліп соғуда екен.

«Негізі, заң бойынша, әр елдімекеннің бас жоспары мен жобалау жоспарлары ғаламтор беттерінде орналастыруы керек. Яғни, әрбір бизнесін бастаймын деген кәсіпкер немесе жерге байланысты нысаналы мақсатын өзгертемін деген кәсіпкер оны интернеттен көріп, біліп алатындай болуы керек. Өзінің алып жатқан жерінде ондай нәрсе соға алады ма, алмайды ма? Бұл ақпарат ашық түрде болуы керек»,- дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ғазизбек Натбаев.

Соңғы жаңалықтар