ОҚО-да кәсіпкер заңды құжаттары бола тұра үш жыл бойы тендерге қатыса алмаған

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облыстық Кәсіпкерлік палатасына өткен жылы 100-ге жуық кәсіпкер арызданып келген. Шағын және орта бизнес өкілдері мемлекеттік сатып алудің әділ өтпейтіндігін және осы салаға жауапты басшылар заңды белден басатынына шағымданған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Жергілікті кәсіпкерлердің арыздарынан соң, облыстық кәсіпкерлік палатасы жауапты сала басшыларын шақырып, бизнес өкілдерінің құқығын қорғау бойынша жиын өткізді. Онда мемлекеттік сатып алудағы заңсыз әрекеттерге шара қолдану жайы талқыланды. Басқосуға келген кәсіпкерлердің бірі құжаты заңды бола тұра  3 жыл бойы тендерге қатыса алмай, сандалғанын айтты.  Дәл осындай проблема өзге де кәсіпкерлердің басынан өтіпті. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті  басшысының орынбасары Айбек Шілменов  кәсіпкерлердің сауалдарына жауап берді.  Алдағы уақытта мемлекеттік сатып алу бойынша бармақбасты, көзқысты әрекеттердің  алдын алу үшін қоғамдық мониторинг жүргізілетінін мәлімдеді.

«Кәсіпкерлік палатасы мен агенттіктің арасындағы келісімде сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген бірнеше салалар бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіледі, бірінші жарты жылдықтың ішінде. Өңіріміздегі мемлекеттік сатып алу мен өртке қарсы қауіпсіздік саласында кездесетін проблемаларға жүргізетін боламыз. Осы екі саланы қамтимыз. Жыл ортасында жүргізілген жұмыстардың нәтижесін шығаруымыз керек», -деді ОҚО бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Айбек Шілменов.

 Айта кетейік, өңірде 2016 жылы 173 млрд. теңгеге мемлекеттік сатып алу тендерлерін өткізу көзделген болатын.  Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері тауар өндірушілер арасында өткен байқаулардың басым көпшілігіне қатысқан.  Ал, олар бойынша ешқандай заңсыздық тіркелмепті.

Соңғы жаңалықтар