ОҚО-да қар құрсауында қалған ауылдарға жол ашылды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында қар құрсауында қалған ауылдарға жол ашылды. Қалың қар жауып көлік жолдары жабылған Бәйдібек, Созақ аудандарында жағдай қалыпқа келіп, облыс орталығымен қатынас орнатылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Бәйдібек ауданындағы Шыбықбел асуында қардың қалыңдығы биыл 3 метрден асқан. Осы жол арқылы аудандағы бес бірдей ауылдың халқы орталыққа қатынайды.  Жаңбыр араласа жауған  соң, қатып қалған қарды күреу  ауыр техникалардың өзіне қиынға соққан.  Сондықтан жауапты мекеме бар күшті осы төңірекке жұмылдырыпты. 

«Бүгінгі таңда арнайы техникалар жұмыс істеп жатыр. Өздеріңіз көріп тұрғандай елдімекендер арасында байланысты қамтып отырмыз. Бір Бәйдібек ауданының өзінде 13 техникамен 13 адам күн-түн демей жұмыс істеуде», - дейді «Оңтүстік жолдары» КММ-нің директоры Асылбек Өмірәлиев.
null 

Апта басында Созақ ауданын облыс орталығымен байланыстыратын «Одаман» асуында да көлік қатынасы қиындаған болатын. Қазір мұндағы жағдай да қалыпқа түскен. Жол толықтай тазартылып, тұрғындар діттеген жеріне уақтылы жетуде.

«Бұдан 5-6 жыл бұрын мына жерді атпен балалар келіп аршып, әбігерге түсуші еді. Күрекпен неше күн жүріп, тазалайтынбыз. Енді 2-3 жыл болды, жолдар жабылмайды. Ауыл арасы жүріп-тұруымыз да реттеліп қалды», - дейді жергілікті тұрғын Қуанышкүл Бекпенбетова.

Ал, жолда қалғандар үшін бес бірдей жылыту бекеті ашылған. Нысанның бәрі қатты отынмен, азық-түлікпен қамтылыпты. Көлік дәлізі жабылған кезде әрбір бекетке 30 жолаушы қоныстана алады. Айта кетейік, облыста қар басып қалу қаупі жоғары бес асу бар. Қазір барлығындағы жағдай тұрақталған.

Соңғы жаңалықтар