ОҚО-да ірі көлемдегі заңсыз темекі өндірісі жабылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетіне (МКК) қарасты экономикалық тергеулер қызметінің қызметкерлері Оңтүстік Қазақстан облысы Ақсукент ауылында контрафактілі темекі шығаратын ірі өндірісті әшкерелеп, жапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомство деректеріне сүйенсек, мұндай ауқымдағы фабрика Қазақстанда алғаш рет әшкереленіп отыр.

«Бір жыл жұмыс ішінде оны ұйымдастырушылар өндірісті жолға қойып, ОҚО мен Қырғызстанның нарығына контрафактілі өнім тасымалдауды бір ізге келтірген. МКК жалған акциздік маркілердің шамамен 900 000 данасын, 20 тоннадан аса темекі, темекі өнімдерін өндіру мен орауға арналған шикізатты, қуаттылығы минутына 3 000-ға дейін темекі шығара алатын өнеркәсіптік өндірісті тәркілеген. Қытайда шығарылған жабдық пен өндірістің жалған акциздік маркілері де контрабандалық жолмен әкелінген секілді», - деді бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Артур Барамышев. 

Айта кетейік, баспасөз мәслихаты Қазақстан сауда кәсіпорындары қауымдастығы мен МКК-нің бірлесуімен өтті. Жиында қылмыскерлерді ұстау кезінде түсірілген шұғыл бейнетаспа көрсетілді.

«Тергеу анықтаған қылмыстық топтың он қатысушысы (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан азаматтары) 3-5 айдың ішінде өндірісті қолға алып, күніне 300 000-500 000 темекіні заңсыз шығарып келген. Темекіні және тәркіленген акцизді маркілерді төлнұсқадан қарапайым тұтынушыға айыру қиын, айыра алмайды десе де болады. Мұндай қызмет үшін заңда мүлігін тәркілей отырып, 3-5 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген», - деді А.Барамышев. 

«Астыртын жолмен әзірленген темекі өнімдері дүкен сөрелеріне түспес үшін біз контрафактіге қарсы күрестің «айлығын» жариялаймыз. Өкінішке қарай, жалған темекі шығару оңай, сол себепті мұндай жағдайдың қайталануы ықтимал», - деді Қауымдастықтың вице-президенті Жібек Әжібаева.

Соңғы жаңалықтар