ОҚО-да халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы 5 жылға сотталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық істі қараған Абай аудандық сотының төрағасы бұрынғы шенеунікке үкім шығарып, оны 5 жылға соттады,  деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық соттың мәліметінше, Ғабит Ордабаев Қылмыстық Кодекстің  28-бабының 5-бөлігімен, 366-бабы 3-бөлігінің 1,2-тармақтарымен («Пара алу») және 366-бабы 3-бөлігінің 1,2,4-тармақтарымен айыпталған. Оған  қатысты келісімдік іс жүргізу тәртібі негізінде қылмыстық іс бөлек қаралды.

Сотта белгілі болғандай,  айыпталушы Созақ ауданының халықты жұмыспен қамту орталығы директорының уақытша міндетін атқарушы лауазымын атқарып жүріп, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы» аясында қылмыс жасаған. Қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалана отырып, қорқытып алу жолымен және адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы бірнеше рет пара алған. Яғни, қысқа мерзімді кәсіптік оқу бойынша өткізілген мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы «Лидер ПРО» ЖШС-мен жасасқан келісімшарттар сомасының 5 %-ын (1 200 000 теңгені)  серіктестік өкілінен талап еткен. Сөйтіп Оңтүстік Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшының орынбасары С.М.Полатовқа, Оңтүстік Қазақстан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жұмыспен қамту бағдарламасын мониторингілеу бөлімінің бас маманы А.М.Таукебаевқа, «Ордабасы ауданының халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-нің директоры Э.К.Бердімұратқа және осы Орталықтың бөлім басшысы Б.А.Утешовқа «Лидер ПРО» ЖШС-нің өкілінен 1 000 000 теңге пара алуына жәрдемдескен.

Басты сот талқылауы барысында бұрынғы шенеунік өзінің  кінәсін  мойындаған. Осы қылмыстары үшін айыпталушығы  түпкілікті мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда басқару қызметтерін атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеу белгіленді.

Айта кетейік, бұған дейін дәл осы қылмыстық топты басқарғаны және 5,9 млн теңге көлемінде пара алғаны үшін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Сәтжан Полатов 5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. 

Соңғы жаңалықтар