ОҚО-да екіқабат әйелін өлтіріп, өртеп жіберген тұрғын сотталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында екіқабат әйелін өлтіріп, өртеп жіберген тұрғын сотталды. Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қаныпезер әкені 15 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Алқа билердің қатысуымен өткен сот отырысы өткен жылдың желтоқсан айында басталған еді.  Өз әйелін қылқындырып өлтірген айыпталушының ісі осы уақыт аралығында толығымен дәлелін тапты.

Еске салайық, қайғылы оқиға өткен жылдың тамыз айында орын алған. Абай ауылында тұратын ерлі-зайыптылар арасында жиі ұрыс-керіс болып, ажырасуға дейін барыпты. Ашуға булыққан куйеуі келіншегін тіпті көлікпен қағып кеткен жағдайлар да орын алған екен. Алайда үш баласының болашағын ойлаған 27 жастағы Нурипа Құрбанова жолдасының жайсыз мінезіне қарамастан шыдап жүреді. Өйткені төртінші перзентіне жүкті болған.

null 

«Соңғы ұрысқан күні  ол перзенттерінің жоқтығын пайдаланып, әйелінің артынан келіп, мойнынан қылқындырады. Сөйтіп келіншегін өз қолымен өлтірген. Өлі денесін Жаскешу ауылы маңында Келес өзенінің жанындағы шұңқырға тастайды. Бір күн өткен соң полицияға барып, әйелінің жоғалып кеткені жөнінде арызданған. Ондағыларға Шымкенттегі базарға тауар алуға  кеткен келіншегім қайтып үйге оралмады деп түсіндіріпті. Ал, кешкісін мәйітті тастаған жерге 5 литр ыдыспен керосин апарып, өлі денесін өртеп жіберген. Онымен жаны жай таппаған айыпталушы келесі күні кешкісін тағы барып, жартылай жанған әйелінің денесін Ошақты ауылы маңындағы қамыстардың арасына апарып тастаған», - дейді сот отырысына қатысқан облыстық прокуратураның 10-басқарма прокуроры Шоқан Аршабаев.

Кейіннен келіншектің туыстары полицияға осы күйеу баласынан күдіктенетінін айтқан. Тергеу барысында оның расымен де әйелін буындырып өлтіргені толығымен дәлелденді. Айыпталушы тіпті мәйітті қай жерге тастағанына дейін көрсетіп, қылмысын мойындаған.

Бүгін облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Сарыағаш тұрғыны сотталды. Судья Әбсаттар Шахиддинов айыпталушыны 15 жылға бас бостандығынан айыруға, жазасын қатаң тәртіптегі түрмеде өткізуге үкім кесті.

Десе де жәбірленуші тарап бұл үкіммен келіскісі жоқ. Олар үкімді қайта қарау жөнінде облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасына шағым түсіреміз деп отыр. 

Соңғы жаңалықтар