ОҚО-да екі жүк тасушы 1,5 млн. теңгенің шоколадын жымқырған

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында жүк тасушы екі жұмыскер жалпы бағасы 1,5 млн. теңгені құраған шоколад батончиктерін ұрлады.

«Полицияға Жетісай қаласының 32 жастағы тұрғыны өтініш жазып, оның қалалық базарда орналасқан қоймасынан «Альбени» танымал маркалы шоколад батончиктерінің 29 мыңға жуық данасы ұрланғанын хабарлады. Жалпы шығын 1,5 млн. теңгені құраған», - деп баяндады ОҚО ІІД-нің баспасөз қызметінен.

Полицейлер өтініш берушінің қоймасында жұмыс істейтін екі жүк тасушыдан күдіктенді. Нәтижесінде ОҚО ІІД-нің қызметкерлері оларды ұстады. Бұлар 1990 және 1996 жылғы жергілікті тұрғындар болып шықты. Ер адамдар жасаған істерін мойындады.

Тергеу кезінде күдіктілердің қойма есігі кілтінің көшірмесін жасағаны анықталды. Сол арқылы олар бір айдың ішінде шоколад салынған қораптарды шығарып, қаланың түрлі нүктелерінде сатып жіберген.

Айғақ дәлелдер ретінде шоколады бар үш қорап пен кілттердің көшірмесі алынды. ҚР ҚК-нің 188 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер ешқайда кетпеу туралы қолхатын толтырып жіберілді.

Соңғы жаңалықтар