ОҚО-да екі жасөспірім әлеуметтік желілер арқылы экстремизмді насихаттаған

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында 16 жастағы жасөспірім әлеуметтік желілер арқылы әскери жиһадқа үгіттеген. Осы қылмысы үшін ол 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Серікбай Төлепбергенов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

БАҚ өкілдерімен кездескен сот төрағасы өткен жылы атқарылған жұмыстарды қортындылай келе, қоғамдық пікір туғызған атышулы істерге тоқталып өтті. Соның қатарында қазығұрттық жасөспірімге қатысты іс те бар болатын. Ол ата-анасымен бірге Сирияға аттану жағын қамдастырған. Қарап жүрмей әлеуметтік желілер арқылы террористік пиғылда соғысқа шақыратын үгіт-насихат жүргізгені анықталды. «ВКонтакте» желісінде таныстары мен достарын әскери жиһад жасауға шақырған. Алайда сот барысында ол өз кінәсін мойындамапты.

«А деген қазығұрттық жасөспірім Қылмыстық Кодекстің «Телекоммуникация желілері арқылы терроризмді насихаттау», «Террористік топтың қызметіне қатысу» баптарымен кінәлі деп танылып, алты жылға сотталды. Жазасын жалпы режимдегі тәртіптік колонияда өтейтін болды. Оның әкесіне сот үкімі шығарылды. Бұл отбасы Сирияға кетудің жолдарын қарастырған. Бұған дейін олардың туыстары да сонда аттанып кеткені анықталды»,-деді сот төрағасы Төлепбергенов.

Сот төрағасының сөзінше, осындай қылмыс жасаған тағы бір жасөспірім қыз 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол да террористік бағыттағы үгіт-насихат жұмыстарын әлеуметтік желілері арқылы жүргізіпті.

Соңғы жаңалықтар