ОҚО-да диқандар 51 мың гектар жерге қауын-қарбыз екті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында көктемгі дала жұмыстары 97 пайызға орындалған. Ал биылғы жылы шаруаларға аталған жұмыстарға мемлекет тарапынан 55 мың тонна минералды тыңайтқыш пен 27 мың тоннадан астам жанармай берілді. Бұл туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Мақтаарал ауданына жасаған сапары кезінде атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасы міндеттеген тапсырмалар мен мемлекеттік бағдарламалардың ауданда жүзеге асырылу барысымен танысу мақсатында іссапармен келген аймақ басшысы мақталы аудандағы бірқатар шаруашылықтардың жұмысымен танысты. Облыс әкімі ең алдымен Азаттық елді мекеніндегі «Қанат» шаруа қожалығының жұмысын аралап көрді. Сырабад елді мекеніндегі «Эверест» шаруа қожалығының егістік алқабында болды. Атамекен ауылдық округі, Талапты ауылындағы «Майбек» шаруа қожалығындағы егілген қарбыз алқабының жұмысымен танысты.
null

Екі гектар жерге егілген бақша дақылы бүгінде пісуге шақ қалған. Қожалық биыл 3 гектар жерге мақта, 2 гектар жерге бақша, 1,74 гектар жерге көкөніс дақылдарын еккен. Ал, жалпы ауданда биылғы жылы 138 мың гектардан астам суармалы жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның 27 064 гектарын бақша дақылдары құрайды. Нақтырақ айтсақ, биыл мырзашөлдік бағбандар 19 500 гектарға қауын, 7 564 гектарға қарбыз еккен. Ал облыс бойынша 51,5 гектар жерге бақша дақылдары егілген.

Аудандағы бірқатар шаруа қожалықтардың жұмыс барысымен танысқан өңір басшысы диқандармен сұқбаттасты. Әңгіме барысында егістік жерлердің құрылымын әртараптандыру, көктемгі егістік жұмыстарының барысы және суармалы жерлердің көлемін арттыру мәселелері талқыланды. Бүгінде мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына барынша қолдау мен көмек көрсетіліп жатқанын айтқан Жансейіт Қансейітұлы ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында ауданға өткен жылы 4019,7 млн. теңге көлемінде субсидия бөлінгенін атап өтті.
null

«Осы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 833,1 мың гектарға орналастыру межеленген болса, оның бүгінге 97 пайызы орындалып отыр. Ал көктемі ерте келетін біздің аймақта диқандар ерте егін егіп, бүгінде оның жемісін көріп отыр. Мәселен облыс бойынша көктемгі егістіктен жиналған 136,4 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері Ресей, Беларусь мемлекеттері мен республиканың солтүстік аймақтарына жөнелтілді. Оның 38,5 мың тоннасы Мақтаарал ауданының еншісінде»,-деді облыс әкімі.

Сонымен қатар өңір басшысы аудан әкіміне ауыл шаруашылығы саласын субсидиялаудың барлық бағыттарын автоматтандыру бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен жасалған егіс алқаптарының электрондық картасына 1 шілдеге дейін барлық егістің енгізілуін қадағалауды тапсырды.

null

Соңғы жаңалықтар