ОҚО-да департамент басшысы қызметкерлерінен кешірім сұрады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік кірістер департамент басшысы қызметкерлерінен кешірім сұрады. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамына арналған салтанатты жиында Алтынсары Үмбетәлиев өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, қарамағындағыларды жыл басынан кешірімді болуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Айта кетейік, биылғы мейрамды мемлекеттік кірістер департаменті толымды табыстармен қарсы алды. Департамент қызметкерлерінің нәтижелі жұмыстарының арқасында мемлекетке  42 млрд теңгенің орнына 50 млрд теңге өндіріліп, облыстың әлеуметтік экономикалық дамуына лайықты үлес қосты.

«Бұл жетістікке сіздердің еңбектеріңіздің арқасында жеттік.Сондықтан баршаңызға алғыс білдіремін. Бабаларымыздың ең үлкен азаматтығы егер де ренжісіп, ат құйрығын үзісіп кетсе де, бір бірімен қайта қауышады. Ал, кешірімді болу - адамның үлкен қасиеті. Сондықтан да мен жұмыс барысында біреулерге қатты сөйлеп қойсам кешіріңіздер. Айналамызға жақсылық пен бақыт қонсын. Ұлысты ұлы күні Наурыз шаңырақтарыңызға  шаттық сыйласын», - деді А.Үмбеталиев.

Салтанатты жиын барысында өз кезегінде мемлекеттік қызмет көрсететін басқармалар мен бөлім басшылары сөз алып, мерекелік ізгі тілектерін білдірді. Департамент басшысы жетістіктерге қол жеткізген бірқатар қызметкерлерді марапаттады. Қаржы жүйесінде жемісті еңбектері мен мемлекеттік қызметтегі мінсіз еңбегімен көзге түскен азаматтардың кеудесіне «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалін тақты. Оларға облыс әкімінің арнайы алғыс хаттарын табыстады. 

Соңғы жаңалықтар