ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында биылғы оқу жылында 40 бала құжатсыз білім алып келген. Бұл туралы өңірдегі «Сана сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығының вице-президенті Шахноза Хасанова мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БАҚ өкілдерімен болған брифингте орталық басшылығы 2017-208 жылдары облыста 561 адамның құжатсыз жүргенін атап өтті. Олардың 120-сы балалар екені белгілі болып отыр. Ал, мектептерде құжатсыз білім алған балаларға талдау жасалғанда түрлі мәселелер себеп болғаны анықталған.
«Кейбірінің ата-анасында құжат болмаса, енді бірінің әке-шешесі ескі Кеңес дәуіріндегі төлқұжатпен жүргені анықталған. Кейбір азаматтар некелерін рәсімдемеген соң, балаларын да құжаттандырмаған. Осы сынды түрлі әлеуметтік мәселелер жасөспірімдердің туу туралы куәлік алмауына себеп болып отыр», - дейді Шахноза Хасанова.
Орталықтың тікелей араласуымен қазір 203 адам құжаттандырылған. Оның ішінде 51-і - балалар.