ОҚО-да биыл 67 медициналық пункт құрылысы жүргізіледі

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Оңтүстік Қазақстан облысында биыл 67 медициналық пункт құрылысы жүргізілетін болады. Бұл туралы облыс әкімдігінің кеңейтілген мәжілісінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев мәлім етті. Егер аталған жоба  іске асса,  облыстағы медициналық тіректердің қажеттілігі толық қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма басшысының айтуынша, былтырғы жылы өңірде 33 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілген. 2018 жылы тағы да 9  медициналық, оның ішінде 6 емхана мен 1 ауылдық емхана және 2 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жоспарланған.  Бұдан бөлек, биыл  мемлекеттік - жекешелік әріптестік аясында Шымкент қаласында 3 емхана құрылысы бастау алмақ.

Мәжіліс барасында облыстық қаржы басқармасының басшысы Абдрахман Тасыбаев 2017 жылғы бюджеттің атқарылуын баяндады. Жекешелендіруді жүргізу барысын сөз еткен басқарма басшысы өткен жылы жекешелендіруге жататын 21 нысанның 10-ы  жалпы 557,63 млн.теңгеге сатылғанын жеткізді.  Жалпы былтыр облыстық коммуналдық меншіктегі мүлікті сатудан облыстық бюджетке 129,9 млн. теңге түскен.

 Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы бюджеттің атқарылуына баса назар аударып, жекешелендірудің кешенді жоспарын белгіленген мерзімде өткізуді, республикалық қаржылардың қысқаруына жол бермеуді және денсаулық сақтау жөніндегі перспективалық жоспарды «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасымен үйлестіре отырып іске асыруды тапсырды.

«Денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамытуда мемлекеттік жекеменшік әріптестік тетіктерін барынша қолдану қажет. Осы ретте биыл атқарылатын  жұмыстарды жүйелеп, нақты іс-әрекет жоспарын бекітуді тапсырамын»,- деді Жансейіт Қансейітұлы.

Соңғы жаңалықтар