ОҚО-да биыл 64 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Оңтүстік Қазақстан облысында биыл 64 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады.  Бұл туралы бүгін Елбасы Жолдауында айтылған  халықты нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының іске асыру жоспары туралы баспасөз мәслихатын өткізген облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды мәлімдеді,  деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі. 

 Дархан Амангелдіұлының сөзінше, бағдарламаны насихаттау мақсатында екі ақпараттық топ құрылып, олар аудан, қалаларда 700-ге жуық азаматтың қатысуымен 15 семинар өткізген.  Түсіндіру жұмыстарына ауыл әкімдері, жұмыспен қамту саласы мамандары және мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысқан.

Аталған бағдарламаның іске асыру мерзімі 2017 - 2021 жылдары, негізгі  мақсаты -  халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту.  Бағдарлама 3 бағыттан тұрады және олардың әкімшілері белгіленген.

Бірінші «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» бағыты бойынша бірқатар шаралар жүзеге асырылмақ.

 «Бұл бағдарламаны облыстық білім мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар   басқармасы үйлестіруі тиіс.  2017 жылы  11437 адамды оқытуға  2894,1 млн. теңге бағытталып отыр», - деді Дархан Амангелдіұлы.

Айта кетейік,  бағдарлама аясында 2,5 жыл ішінде  техникалық және кәсіптік біліммен 4584 адам қамтылатын болады.  Сондай-ақ,  6853 адам мерзімді кәсіптік оқытуға тартылады.

Ал, екінші бағыт - «Жаппай  кәсіпкерлікті дамыту» бойынша 1440 адамды  кәсіпкерлік негіздерге оқыту көзделіп отыр. Бұдан бөлек,  2075 адам шағын несиеге қол жеткізбек.  Жалпы, осы бағытпен 3515 адамды жұмыспен қамту көзделіп,  8065,0 млн.теңге қарастырылған.

Үшінші бағыты - «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» болса, бұл бағытта  49 362 адамды еңбекпен қамтылмақ. Осы мақсатқа  2162,3 млн. теңге қаралған.  Жоспар бойынша тұрақты және уақытша жұмыспен 35198 адам қамтылатын болады. 2017 жылға облыстық жұмыспен қамтудың кешенді жоспары бекітіліп, барлығы 64 314 адам жұмысқа орналаспақ. Оған республикалық бюджеттен   13121,4 млн.теңге бөлінген.

Нәтижесінде  2017 жылы облыстағы жұмыссыздық деңгейі 5,3 пайыздан  аспайтын болады.  Негізгі, орта, жалпы және бастуыш білімі бар еңбек ресурстарының үлесі 27 пайызды құраса, өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындардың үлесін  5,6 пайызға  жеткізу жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар