ОҚО-да биыл 554 қылмыс электронды форматта тіркелді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында қылмыстар электронды түрде тіркеле бастады. Жыл басынан бері 554 қылмыс жаңа форматта тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, елімізде ең алғаш рет электронды форматта қылмыстық істерді қарау жобасы ОҚО Түлкібас ауданында енгізілген болатын. Яғни, өткен жылы аталған ауданның әкімшілігі 7 млн теңге бөліп, 19 қыркүйек пен 25 желтоқсан аралығында пилоттық жобаны жүзеге асырды. Тәжірибе көрсеткендей, тергеу жұмысына көп уақыт бөлініп, қағазбастылық азайды. Ал, оңтүстік өңірі электронды түрде қаралып жатқан қылмыстық істер бойынша көш бастап тұр. Бүгінгі таңда электронды түрде тіркелген 554 қылмыстық істің 199-ы сотқа жолданса, оның 121-іне сот шешімі шыққан.

Полицейлер бұл жоба сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытында қолданатын шара деп отыр.

«Бүгінде санкция соттардан тікелей электронды форматта алынып, тергеуші прокурор мен соттың арасында қағазбастылық азайды. Қазір санкцияны кабинеттен шықпай-ақ екі-үш сағаттың ішінде алуға болады. Цифрлық формат ең алдымен адам құқығының қорғалуын күшейтеді. Мұнда барлық процесс алақандағыдай көрініп тұрады. Тоқ етерін айтқанда, бұл жоба құқық қорғау қызметін жоғары құқық қорғау талаптарына сай етіп, процессуалдық негізін сапалы түрде жетілдіреді. Бұл құжат нормаларын тиісті деңгейде жүзеге асыру қоғамның тұтас құқық қорғау жүйесіне деген сенім деңгейін арттырады»,- дейді облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова.

Соңғы жаңалықтар