ОҚО-да бір жылда 26 миллионға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілген

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында өткен жылы 26 миллионға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көрсетілген мемлекеттік қызметтің 2 миллионнан астамы қағаз жүзінде жүргізілген. Бұл туралы Шымкент қаласында өткен оқу семинарында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаментінің басшысы Әли Көмекбаев айтты.

Халықты мемлекеттік корпорация және электрондық түрде қызмет алуға шақыру  мақсатында ұйымдастырылған басқосуға  облыстың аудан, қала әкімдері бастаған мемлекеттік қызметшілері, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының бөлімше басшылары мен жоғары оқу орындарының оқытушылық құрамы қатысты. Жиында сөз алған департамент басшысы сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын себептердің біріне тоқталды.

«Халыққа қызмет көрсетуде мемлекеттік қызметкерлер мен азаматтардың тікелей жолығуы көбінде сыбайлас жемқорлықтың туындауына себеп болып жатады. Осындай тікелей байланыстан кеңсеге түскен өтініштердің орындалу мерзімінің бұзылуы, қосымша құжаттардың сұратылуы сияқты әкімшілік кедергілер туындауы мүмкін. Сондықтан бүгінгі семинарымыздың көтеріп отырған тақырыбы ауқымды», - деді Әли Амантайұлы.

Айта кетейік, ағымдағы жылы үш кезеңде мемлекеттік қызмет көрсетуге жауапты мамандар үшін мастер-класстар өткізілді. Қазіргі таңда департамент тарапынан электрондық үкімет порталы арқылы қызмет алу тәсілдерін үйрететін бейнероликтер әзірленіп, облыстың барлық мемлекеттік қызметкерлерінің компьютерлеріне енгізілген.

Соңғы жаңалықтар