ОҚО-да бір үйдің екі баласын көлікпен қағып өлтірген жүргізуші бес жылға сотталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында бір үйдің екі баласын қағып, бақилық еткен  жүргізуші бес жылға сотталды. Алайда екі жасөспірімнің ата-анасы сот шешімімен келіспей, облыстық сотқа шағымданды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Еске салайық, қайғылы оқиға өткен жылдың қыркүйек айында Сарыағаш ауданына қарасты Алпамыс батыр ауылында болған еді. 13 жастағы Мәрзия мен оның алты жасар інісі Мейрамбекті сол ауылдың тұрғыны көлікпен қағып кеткен. Салдарынан екі бала да ауыр жарақаттан жан тәсілім етті. Ал жол апатын жасаған жүргізуші уақытша тергеу абақтысына қамалған болатын. Істі қараған Сарыағаш аудандық соты кінәлі жүргізушіні бес жылға бас бостандығынан айырды. Жазасын қоныс колониясында өтеуі тиіс деп белгіледі. Алайда жәбірленуші жақ бұл үкіммен келіспей, облыстық соттың аппеляциялық алқасына шағым түсірген.

«Ол бар болғаны бес жылға сотталды, ал мен екі бірдей перзентімнен айырылып отырмын. Мұндай шешіммен мен мүлдем келіспеймін, оны тым болмағанда он жылға соттау керек. Сол үшін біз обыстық сотқа қайта шағым түсірдік», - дейді ашынған ана Дариға Оразова.

Бүгін облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасында осы іс бойынша алғашқы сот отырысы өтті. Ендігі кезекте жәбірленуші жаққа аппеляциялық алқаның қандай үкім шығаратынын күтуден басқа амал қалмай тұр.

Соңғы жаңалықтар