ОҚО-да бес жылда 47 мыңнан астам отбасы баспаналы болмақ

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Елімізде әрбір бесінші тұрғын өмірге келетін Оңтүстік Қазақстан облысында жұртты баспанамен қамту өзекті мәселесінің бірі екені белгілі. Тиісті мемлекеттік бағдарламалар мен қолдаулардың арқасында өңірде алдағы 5 жылда 4,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 47 619 отбасы баспаналы болмақ. Бұл туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Есепті жиында әкім баспанамен қамтамасыз ету бойынша қажеттіліктерді кезең-кезеңімен шешу үшін 2016 жылы 530 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылғанын атап өтті. Ал, осы жылы жалпы алаңы 700 мың шаршы метр болатын тұрғын үйді тапсыру жоспарланып отыр. Үстіміздегі жылы салынатын 98 көпқабатты және 4 018 жеке тұрғын үйлерге қажетті инженерлік-коммуникациялық желілермен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 11 млрд 732 млн теңге бөлінбек.

«Алдағы 15 жылда еліміздің тұрғындарын толығымен баспанамен қамту мақсатында елімізде жаңадан «Нұрлы жер» бағдарламасы қолға алынды.  Осы бағдарлама шеңберінде жеке тұрғын үй құрылысы бойынша Шымкент қаласында пилоттық жоба ретінде екі коттеджді қалашықтар салынатын болады. Оның бірі 76 гектар алқапта 293 үй орналасатын «Бозарық» кешені мен 180 гектар алқапта 1 050 үймен «Таскен» тұрғын үй кешені бой көтереді. Жалпы 5 жылда 529 көпқабатты және 25 736 жеке тұрғын үйге инженерлік инфрақұрылым жүргізіледі», - деді аймақ басшысы.
null  

Сонымен қатар, жиында әкім көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту әрбір отбасы үшін өзекті мәселе екеніне тоқталды. Осы ретте, Шымкент қаласы мен аудан, қала орталықтарының сәулеттік келбетін заманауи талаптарға сәйкестендіру, көпқабатты үйлердің қасбетін жөндеу, аумағын абаттандыру мәселесі де өзекті күйде тұрғанын жеткізді.   

«Бүгінде облыста жалпы саны 3 152 көпқабатты тұрғын үй бар болса,оның 1 581 күрделі жөндеуді қажет етеді. 183-інде қайта жаңғырту құрылыс жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде жөндеуді қажет ететін үйлердің үлесі 50,1%-дан 44,4%-ға дейін төмендетілді. Алдағы 4 жылда жалпы саны 488 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізіліп, жөндеуді қажет ететін үйлердің үлесін 28,8 пайызға дейін төмендету көзделуде», - деді Ж. Түймебаев.

Соңғы жаңалықтар