ОҚО-да әлеуметтік желілер арқылы бопсалаушылар көбейіп барады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында полицейлер әлеуметтік желілерді пайдаланып, бопсалаудың 5 дерегін әшкереледі. Бопсалаушылар әдетте қоқан-лоқы көрсетіп, жәбірленушілерден ақша талап етеді екен, - деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оңтүстік Қазақстан облысының ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері берген мәліметке сәйкес, көптеген адамдар әлеуметтік желілер арқылы танысқанда өзінің жеке өмірінің қауіпсіздігі жайлы ойламайды. Жеке өміріне қол сұғушылықтың құрбаны болуы мүмкіндігі туралы күдіктенбейді де. Ал, кейбір теріс пиғылды адамдар, өзінің құрбанын алдын ала көздеп, оның жеке мәліметтері мен әшкерелейтін фотосуреттерін қолға түсірген. Содан кейін қомақты қаражат талап етеді.

Мәселен, өткен жылдың соңында Сарыағаш АІІБ-не 26 жастағы бойжеткен хабарласып, танысы өзін әшкерелейтін фотосуреттерді интернет желісіне жүктеймін деп 800 мың теңге талап еткені жөнінде шағымданған.

Полицейлер жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 1983 жылы туған жергілікті тұрғынды күдікті ретінде ұстаған. Өз кінәсін толық мойындаған күдіктінің айтуынша, ол осы әдіспен материалдық жағдайын жақсартпақ болыпты. Айғақ зат ретінде ақша, фото және видеоматериалдар тәркіленді. Аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 194-ші «Бопсалаушылық» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүруде.

Интернет желісін пайдаланып бопсалаушылардың арасында тек ер адамдар ғана емес, нәзік жандылар да кездескен. Шымкент қаласының 57-жастағы тұрғыны таныстарының бірінің әшкерелеуші мәліметтерді әлеуметтік желілерге жүктеймін деген желеумен 100 мың АҚШ долларын талап еткенін мәлімдеген.

Аталған жайт бойынша да қылмыстық іс қозғалып, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер Шымкент қаласының тұрғыны 1987 жылғы азаматшаны ақша алу кезінде қолға түсірді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар