ОҚО-да 67 үйдің ауласын су алды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында  төрт күн толассыз жауған жаңбырдан үйлердің  ауласын су алды. Табиғи апат салдарынан  Мақтарал ауданы көп зардап шеккен. Бұл туралы өңірдің ТЖД басшылығы мәлімдеді, -деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Облыстық ТЖД бастығы Нұрболат Дербісовтің сөзінше, нөсер жаңбырдан үйлерді су алу жағдайлары тіркелмеген. Арық-атыздардан су тасып, аулаларды алып кетіпті.

«16-19 ақпан аралығында жауын қатты жауып, арты қарға ұласты. Салдарынан 67 үйдің ауласына су кірген. Шымкент қаласында -18, Сарыағаш ауданында - 9, Сайрам ауданында - 3, Түркістан қаласы, Бәйдібек, Ордабасы, Арыс, Шардара, Қазығұрт ауданында - 7 жағдай орын алды. Департаментпен және  жергілікті атқарушы органдармен бірлесе дер кезінде су басқан орындарға авариялық құтқару жұмыстарын жүргізіп, мотопомпалармен сулар сорғызылды»,- дейді Н.Дербісов.

Ал Мақтарал ауданында 42 үйдің ауласын су басқан. Бұл ауданда су сору жұмыстары Атакент, Асық ата, Ырысты және Жетісай қаласында жүргізілген. 82 адам мен 24 техника жұмылдырылып, 12 629 кубтан аса  су алынған. Қазіргі таңда жағдай қалыпты.     

Жалпы сала мамандары биылғы жылы жауын-шашынның алдын алу жұмыстары жүргізілгенін айтады. Барлық қала-аудан әкімдіктеріне төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша нақты тапсырмалар беріліпті. Ал төтенше жағдайлар департаментінде арнайы штаб құрылып, қазір күшейтілген режимде жұмыс істеуде екен.

«Кешегі жаңбырдың алдын алу мақсатында барлық бағыттарда жұмыстар жүргізілді. Тапсырмалар берілді. Барлық арықтарды, өзендердің бойларын, иррагациялық жүйелердің барлығын тазарту, оның алдын алу бойынша барлық күш құралдары топтастырылды», - деді облыстық ТЖД бастығы.

Соңғы жаңалықтар