ОҚО-да 25 жастағы полицей асылып қалды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында 25 жастағы полицей асылып қалды. Аға лейтенант Нариман Назаровтың қызметтік киімде болған өлі денесі өзі тұрып жатқан жалдамалы пәтерден табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қайғылы жағдай 17 мамыр күні күндізгі екілер шамасында Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылында болған. Аудандық ішкі істер басқармасының кәмелеттік жасқа толмағандармен жұмыс істеу бөлімінің инспекторы Нариман Назаровтың мәйітін пәтерден әріптестері тауып алған.

Үш жылдан бері полиция қатарында қызмет етіп жүрген бойдақ полицейдің мұндай қадамға не үшін барғаны белгісіз күйінде қалып отыр. Бұл жағдайға байланысты облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова тексеру шаралары жүргізіліп жатқанын айтады.

«Ордабасы аудандық жергілікті полиция қызметінің қызметкерлеріне қатысты қазіргі таңда облыстық ІІД Өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметтік тексеру жүргізіп жатыр. Қорытындысын қосымша хабарлайтын боламыз», - деді Салтанат Қаракөзова.

Марқұмның туыстары болса Нариман Назаров Ордабасы аудандық жергілікті полиция қызметінде еңбек етіп жүріп, басшылық тарапынан қысым көргендігін айтып отыр. Сондықтан  жергілікті полиция басшысының үстінен аудандық прокуратураға шағым түсіргендерін айтады.

«Бұл жерде ұжым жақсы еместігін айтатын маған. Жиналыстарда бір-бірін сөге береді. Ешқайсысы ештеме деп айтпайды. Себебі, біреуі бірдеңе айтатын болса, ол жұмыстан кететінін біледі, сондықтан бәрі де үндемейді деп айтатын», - дейді марқұмның әкесі Ахмет Назаров баласы жөнінде. 

Соңғы жаңалықтар