ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев: Терең тарихымыз бен таңғажайып табиғатымызды танытатын боламыз

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы тарихи ескерткіштер мен киелі жерлер санынан елімізде көш бастап тұр. Бүгінде бұл өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қоғамдық сананы жетілдірудің 6 бағытын жүзеге асыру аясында 428 түрлі жоспарлы іс-шаралар жүргізілуде. Осы бағытта дайындалған 95 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл мақсатқа 2022 жылға дейін бюджеттен 16,2 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Облысқа басшылық қызметке келгеніне бір жылдан асқан аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев мемлекет үшін маңызды бағдарлама аясында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жайында ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген болатын.

- Жансейіт Қансейітұлы, биылғы жылы жарық көрген Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында жүктелген міндеттерді орындау Оңтүстік Қазақстан облысында қалай жүзеге асырылуда?

null 

- Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы алдағы он жылдыққа емес, жүз жылдыққа арналған мақала болып отыр. Онда бүкіл қазақ халқының болмыс бітімі, халық болып қалуы, ұлт болып ұйысуын әрі қарай ұрпақтарға жеткізу нақты көрсетілген. Мұнда әрбір ұлттың ұлттық коды, оның салт-дәстүрі, санасы, рухани байлығы, оның қазіргі замандағы өзін көрсетуі қаланған. Сондықтан да бұл мақала халқымыз үшін өте маңызды. Облыс есебінде нақты көрсетсек, бағдарламаның өзектілігі де арта түседі. Туған жер мәселесін алайық, өзінің туған елін, жерін, елін сыйламаған адамды ешқандай мемлекет те қадірлемейді. Осы орайда оңтүстіктің ерекше жерлеріне де назар аударғым келеді. Біріншіден - табиғаты. Мәселен, күнгейде табиғаты әсем жерлердің қатарында Ақсу-Жабағылы қорығы, Қасқасу аймағы,  Сырдария мен Арыс, Келес өзендері, Шардара су қоймасы, Алатау мен Қаратау сияқты таулары, Бетпақдала бар.  Соны қадірлеп, келешек ұрпақ үшін сақтау - күн тәртібінен түспейтін мәселе.

Қазір осы табиғаты әсем жерлерде туризмді дамытудың арнайы жоспарлары жасалып отыр. Бұл жерде бірінші мәселе тек қана сырттан келетін азаматтарға ғана емес, өзіміздің тұрғындарға да таныту болып отыр. Себебі, 3 млн.-ға жуық тұрғыны бар өңірде Ақсу-Жабағылы мен Қасқасуға бармаған азаматтар бар. Туған өлкесін азаматтар алдымен өздері жете тануы керек. Осы мақсатта алдымен арнайы кесте жасап, оқушыларға көрсетейік деп бастама көтердім. Нәтижесінде биылғы жазда балалар осы қорықты аралап, демалысын туған өңірінде өткізіп, мәз болып жатыр. Біздің облыста тұрып, бар түркінің киесі саналатын Түркістанды да көрмегендер бар. Яғни, ішкі әлеуетіміз үлкен.

Одан кейінгі мәселе, сырттан келген азаматтарға жағдай жасау. Қонақ үйлер салу, жолаушылар тасымалын сапалы ұйымдастыру, тағы сол сияқты жұмыстарды қолға алу маңызды болып тұр. Мысалы, «Тау самалы» деген жерде керемет тау шаңғысы базасы орналасқан. Киіз үйлер тігіліп, атпен қыдыру ұйымдастырылады, қымыз береді. Ол жерде сегіз қабатты қонақүй салынып бітіп жатыр. Мұндай сегіз қабатты қонақ үй Қазақстанның ешбір таулы жерінде жоқ. Жалпы терең тарихымыз бен таңғажайып табиғатымызды барша жұртқа танытатын боламыз.  

null 

- Оңтүстікте Орталық Азия аймағының туристік орталығына айнала алатын бірнеше орын бар. Түркістан еліміздің рухани астанасы десек, Сарыағашты мың ауруға шипа болатын ерекше мекен ретінде насихаттауға болады. Осы орайда, өңірдің туристік әлеуеті қаншалықты пайдаланылып отыр? Әлі де қандай жұмыстар атқарылуы тиіс? 

- «Туған жер, туған ел» дегенде біз шынымен ішкі туризм мәселесіне де үлкен көңіл бөлуге тиіспіз. Әрине, атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Бұл ретте мәселен, Қасқасу аймағында аспалы жолдар салу жұмыстарын атап өтуге болады. Оны жалғастыру бойынша жобалар жасалып қойған. Бұл жобаға тек қана мемлекет емес, жеке инвесторларды да тарту мәселесі қаралуда. Қазір іздестіріп жатырмыз. Болашақта мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы жоба міндетті түрде жүзеге асады, әрине, ол үшін біраз уақыт қажет. 


Ақсу-Жабағылы да шетелдіктер үшін аса тартымды мекен. Жалпы туған жерді көркейту, ата-мекеніне қамқор болу ең алдымен сол елден шыққан мықты азаматтардың, тұлға мен қайраткерлердің де қасиетті парызы. Біз де оңтүстікте туған атақты азаматтарды қадірлеу арқылы өз елімізді қадірлейміз. Өткеніңді қадірлесең, болашақ сені де құрмет тұтады. Ал біздің өткеніміз кімдер? Біздің өткеніміз - бұл әлі күнге ұрпақ жадында есімі мәңгіге сақталып, жатталып келе жатқан ата-бабаларымыздан бастау алады. Ескі көнеден басталады. Ұлтты ұлықтау әл Фараби, Арыстан баба, Ясауиден басталады. Барша қазаққа әйгілі Майлықожа, Сүгір жырау сияқты әр кезеңнің өз тұлғалалары бар.

Оңтүстік Қазақстанда Ордабасы биігі бар. 18 ғасырда үш жүздің басын қосқан қасиетті жер. Тарихта жоңғар шапқыншылығына қарсы күрес үшін барша қазақтың басын қосқан жері. Сол секілді Құлтөбе, Мәртөбелер де бар.

Біздің өңірге ғана емес, тұтастай ұлтқа мақтан тұтатын азаматтарымыз жетерлік. Олардың арасында белгілі  ғалымдар, академиктер, өнер мен шығармашылық адамдары бар. Мәселен, режиссер Сатыбалды Нарымбетов - оңтүстікке белгілі азамат. Өмірзақ Айтбаев - академик, профессор, Дулат Исабеков, Мұхтар Шаханов сияқты қаншама ақын-жазушыларымыз, үлкен тұлғаларымыз осы киелі мекенде өмірге келді.

Жалпы Оңтүстік Қазақстан облысында 800-ден аса тарихи ескерткіш бар, сол арқылы біз Қазақстандағы ең көп тарихи археологиялық орны бар өңір саналамыз. Мәселен, Ордабасының басында Сақ қазындылары бар. Бұл өте көне дәуірдің, біздің эрамызға дейінгі бесінші ғасырға тиесілі дүниелер. Ал, бергісі ғұн дәуірі, көне түркі дәуіріндегі орта ғасырлар болып кете береді. Көптеген қалашықтар, елді мекендер бар. Зерттелгендерімен қатар, әлі де ашылмағандары баршылық. Исфиджап шаһары, Сауран, Фараб, Оқсыз, Ханқорған сияқты қалаларды алыңыз, әрқайсысы бір-бір тарих. Бұлардың ішінде ЮНЕСКО тізіміне кіргендері бар, әлемдік мұралар деңгейінде қорғалады.

Әсіресе Шымкентте ортағасырлық қалалар көп болғаны белгілі. Солардың барлығының бір орталығын жасап, көпшілікке арнайы көрсету үшін жағдай жасау қажет деп ойлаймын. Осыған байланысты ортағысырлық қалалардың тізімі жасалып жатыр. Бұл біздің тарихи жәдігерлеріміз, оларды қорғап, мәдени-рухани мұрамыз, байлығымыз есебінде елге көрсету - бұл да негізгі мақсаттың бірі. Айта кетерлігі, ондай нысандардың барлығы дерлік қазірдің өзінде мемлекет қамқорлығында. Туристер барып жатыр. Биылдың өзінде былтырғыға қарағанда келуші туристер саны 55 мыңға дейін артқан. Ішкі туризмде де ілгері өзгеріс бар. Осындай үдерісті одан әрі дамыту үшін енді әрбір ескерткіш бойынша біз нақты жұмыс істейтін боламыз. 

Елбасының бағдарламалық мақаласындағы айқындалған тағы бір маңызды мәселе ол - ұлттық код, яғни салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымызды жаңғырту. Ата-бабамызға тән өмір салтымыз, дәстүріміз бар. Біз оны жалғастырмасақ, онда қазақ болудан қаламыз. Бұл салада да оңтүстік кәдімгі қаймағы бұзылмаған қалыптасқан жер. Соны дамыту үшін де ауқымды істер қолға алынған. Қазіргі күні салт-дәстүрлер орталығы әрбір ауданда жұмыс істеп тұр, этникалық қалашықтар да бар. Орталықтарда ғана емес, шалғайдағы әрбір ауылда, әрбір мектепте кішігірім музейлер ашылуда. Екіншіден, салт-дәстүрмен байланысқан бұқаралық шараларды, кәсіпкерлікті де дамыту маңызды іс. Мәселен, қазақтың ұлттық ойындары - асық ату, аударыспақ, көкпар, қазақ күресі. Бұлардың бәрін өзіміз дамытпасақ сырттан оны ешкім де елемейді. Сосын ұлттық киімдер тігу, қолөнерді дамыту, жүннен киіз басып, алаша мен кілем тоқу дәстүрі жаңғыртылуда. Ұлттық тағамдар дайындау істері де қолға алынған. Бізде қазір кез келген ауданға барсаңыз, құрт, ірімшік, жент, қолдың майы дайындалады. Барлық жерден таба аласыз. Шетелдік туристер де бұған қызығады. Енді бұларға жағдай жасап, заманауи үлгіде серпілуіне көмек берсек. Бір сөзбен айтқанда, Елбасының рухани жаңғыру туралы бастамасы ұлттық кодымыздың әрбір саласын дамытуға мүмкіндік берген мақала болып отыр. Соған сай қазір барлық мүмкіндіктер, еркіндік  берілді. Жолдар ашылды. Яғни, жұмыс өте көп жалғастыра береміз. 

-​ «Рухани жаңғыру» аясында Қазақстанның киелі жерлерінің тізімі жасалды. Оған барлық өңірлерден түрлі нысандар кіргені белгілі. Соның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы киелі жерлер көп екенін байқадық. Осы бағытта қандай жоспар құрылып отыр? Сол жерлерге бару үшін туристерге жағдай жасау мен инфрақұрылым тарту мәселелері қалай шешілуде?  

- Шынында, тарихи жерлермен қоса, Елбасымыздың айтқаны киелі жерлер, әулие жерлер оңтүстікте көп. Олардың барлығы тізімге алынды. Жағдай жасалады, көпшілігінде жаңғырту жұмыстары басталып та кеткен. Мысалы, Бәйдібек ауданындағы «Домалақ ана», «Бәйдібек баба» басында арнайы кешендер салынды, туристер келгенде олар үшін қолайлы жағдайлар жасалады. Сондай-ақ Ордабасы үш бидің - Әйтеке би, Қазыбек би мен Төле бидің бас қосқан жері ретінде күллі қазақ үшін киелі. Бұған да туристер ағылады, сондықтан алдағы уақытта Ордабасы аумағы үлкейтілмек. Ел бірлігі, мемлекет тұтастығы үшін ұлтына қызмет етіп, кейінгілерге үлкен өнегелі жол салған үш бидің ескерткішін үлкен таудың етегіне қойсақ па дейміз, олар алыстан көрініп тұратындай болса екен. Қазығұртқа байланысты да арнайы жоспарымыз бар. Яғни, осындай әулие жерлердің барлығын қамқорлыққа алып, дамыту жоспарда бар.


Айта кетейін, бұған дейін түрлі мемлекеттік лауазымдарда қызмет атқаратын азаматтардың, кәсіпкерлер мен мәдениет және өнер қайраткерлерін арнайы шақырып, солардың қатысуымен «Туған жерді түлету - перзенттік парыз» атты іс-шараны өткізген едік. Оның барысында 296 өңірлік жобаны жүзеге асыруға 3,9 млрд. теңгені бөлу туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, өңірлік комиссия құрылып, оның құрамына мемлекеттік және үкіметтік емес құрылымдар өкілдері кірді. Комиссия жанынан іске асырылатын жобалардың ерекшеліктері бойынша алты жұмыс тобы құрылған. Облыстық іс-шаралар жоспары және тиісті медиа-жоспарлар бекітілген. Бүгінгі күнге дейін осы бағдарлама аясында бірнеше шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, «Түркістан - Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасының салтанатты ашылу барысында 22 түркі тілдес елдің өкілдері 35 киіз үйден жасалған этно ауылда қазақ халқының салт-дәстүрлерімен, мәдениетімен танысты. «Наурызнама» іс-шарасы аясында Есім хан атындағы орталық алаңда түркі халықтарының мәдениеті мен дәстүрлерінің театрлық көрінісі өтті. Отырар ауданында жеке кәсіпкер өз қаржысы есебінен «Алаш» этноауылын салып берген. Бұған қазір қазақстандықтар ғана емес, АҚШ, Польша, Франция, Германия, Түркия туристері де келіп жатыр. Осындай этноауыл жобасы Шымкент қаласында да жеке кәсіпкер тарапынан жүзеге асырылуда. ТҮРКСОЙ фотосуретшілерінің кездесуі өтті, олардың нәтижесі бойынша шығармашылық еңбектердің көрмелері өткізілді. Жыл соңына дейін де көптеген іс-шаралар жоспарда бар.

Өңірдің 8 ортағасырлық ескерткіші туралы деректі фильмдер түсіріліп жатқанын да айта кеткім келеді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне туристердің көптеп келуіне байланысты және ежелгі тарихты визуализациялау үшін  кесенеде жерленген тарихи тұлғалардың бюсттерін қоюды жоспарладық. Бұдан бөлек, ежелгі Отырар мен Арыстанбаб кесенесін байланыстыратын жол құрылысын салу жоспарда бар. Оны біз ұлттық қолөнершілеріміздің тұрақты қолданыстағы шеберханасы ретінде безендіруді көздеп отырмыз. Ал, Шымкент ескі қалашығының аумағында Ашық аспан астындағы мұражай салынады. Ол жерде Шымкент қаласының тарихы және қазақ халқы мәдениетінің ескерткіштері бейнеленеді.

Сол сияқты Әбу Насыр әл Фараби дүниеге келген Оқсыз ескі қалашығын, сонымен қатар Абылай хан ордасы болған Ханқорған ескі қалашығын халық жадында қайта еске түсуіне ерекше көңіл бөлінуде.

Ғалым-шығыстанушы Әбсаттар Дербісәлі тарапынан Түркия және Таяу Шығыстың басқа елдерінің кітапханаларында еңбектері бар, біздің ұлы бабаларымыздың -  әл Фарабидің - 30, Сайрамидің - 3, Ясауидің - 5 еңбегінің библиографиясы дайындалды. Ағымдағы жылдың соңына таман Шымкентте «Ежелгі Жетіген құпиялары» атты 13 сериялық тарихи-танымдық фильмінің және «Отырарды қорғау» және «Киелі Қазығұрт» анимациялық фильмдерінің тұсаукесері өтеді деп күтілуде.

null  

- Рухани жаңғыру аясында қазақстандықтар «100 жаңа есімді» таңдап жатыр. Сіздің ойыңызша, осы 100 тұлғаның тізіміне оңтүстіктен кімдер енуі керек? 

- Меніңше «100 жаңа есім» деген ол шартты түрде ғана алынған нәрсе. Аталған тұжырымдамаға сәйкес, «100 жаңа есімге» тек қана атақты адамдар ғана емес, өзінің еңбегімен немесе спорт жетістігімен елдің ризашылығына бөленген, ерекше тапқырлық жасаған азаматтар да кіреді. Сондықтан «100 жаңа есімнің» ауқымы өте зор. Ол қазір әр салада «100 есімге» айналып кетуі мүмкін. Мәселен, «Ардақты аналардың 100 есімі» немесе «Ардақты мәдениет-әдебиет саласындағылардың 100 есімі», «Кәсіпкерлердің 100 есімі»  дегендей. Бұның барлығына да лайықты азаматтар бар. Ең бастысы, халық сондай азаматтарын білсін дегеннен туындап отырған мәселе бұл. Құдайға шүкір, солардың барлығын сыйғызса жетіп жатыр.

null  

- Қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан латын әліпбиіне қатысты пікіріңізді айта кетсеңіз... Себебі жұртшылық сіздің әкімдік қызметіңізден бөлек филолог-ғалым, яғни тіл маманы екеніңізді де жақсы біледі. 

- Біріншіден латын әліпбиі бізге қолайлы болуы керек. Екіншіден, сол әліпбидің негізінде түркі халықтарының көпшілігі латын әліпбиіне көшкен. Латын графикасы арқылы сол халықтармен де бірдейлестіруге, жақындасуға қол жеткізе аламыз. Әрине, әліпби ауыстыру тәжірибесі біздің тарихымызда болды. 1929-1940 жылдары латын әліпбиімен жаздық. Тәжірибе бар. Сол кездегі әріптер де бар. Яғни, әліпби ауыстыру, соның ішінде латын әліпбиін енгізу жаңадан жасалған дүние емес, мұны өткен әліпбиге қайтадан оралу десек те болады. Көптеген мамандар осыған қатысты өз пікірін айтып жатыр. Менің айтарым, мұнда қиналатын ешнәрсе жоқ. Ең бастысы, бұл жердегі мақсат - дүниежүзілік, ғаламдық ақпарат орталығына ену. Екіншіден, өзімізді  мойындату, үшіншіден, түрлі саладағы кедергіні мейлінше болдырмау. Соған орай біз өзіміздің тілдік ерекшеліктерімізге ең қолайлысын, жақынын алуымыз керек. Бұл жерде ең күрделі мәселе - қазақ тіліне тән ерекше дыбыстарды бейнелеу. Мысалы кириллицаның ішінде 9 дыбыс деп айтып жатырмыз ғой. Ол әріптердің барлығының сингармонизм, ассимиляция заңдылығын ескере отырып, белгілеуіміз керек. Екіншіден, әлемдік тенденция бойынша бір дыбысты бір әріппен белгілеуге тырысу керек. Жалпы, тілдегі грамматикада, фонетикада экономия заңдылығы, үнемдеу болуы керек. Бүгінгі ақпарат ғасырының заңдылығы да қысқалықты, түсініктілікті ұнатады. Мінекей, осы заңдылықтарды ескеруіміз керек деп ойлаймын. Дыбысты екі әріппен емес, бір ғана әріптің үстіне белгі қою арқылы көрсетуімізге болады. Мен де осы сынды ұсыныстарымды жазып, тиісті орталықтарға жібердім.

null    null  

- Әңгімеңізге рахмет!

- Еліміздің беделді ақпарат алаңына айналған «ҚазАқпарат» ақпарат агенттінің  шығармашылық ұжымына сәттілік тілеймін.

Соңғы жаңалықтар