ОҚО әкімі: Өңірде қылмыстық әрекеттер өршімеуі үшін жұмыссыздықпен де күресу қажет

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы мен заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің бірлескен отырысы өтті.

Аймақ басшысы Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өткен отырысқа ведомствоаралық комиссия мүшелері, облыстық басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері және прокурорлар, ішкі істер органдарының, жергілікті полиция қызметінің басшылары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында мәлім болғандай облыс аумағында ағымдағы жылдың 4 айында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жалпы құқықбұзушылық 8,8 пайызға төмендеген. Алайда баяндаманы тыңдаған облыс әкімі жергілікті полиция қызметі құрылған 2016 жылдан бері басшылығы халық алдында есеп бермегенін атап өтті. Сонымен бірге айтылған тапсырманың тиісті деңгейде орындалмайтынына тоқталып, құқықбұзушылықты алдын-алу бойынша жұмыстарды ширатуды тапсырды.

Жиында қаралған басқа да мәселелерді мұқият тыңдаған аймақ басшысы тиісті сала басшыларына кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің демалыс уақытын тиімді өткізуін ұйымдастыруды, жасөспірімдермен жасалатын қылмысты болдырмау үшін жасалған алдын алу шараларының тиімділігін зерделеуді жүктеді. Жаңа әдіс-тәсілдерді әзірлеуді тапсырды.

Қылмыстардың басым көпшілігі жұмыспен қамтылмағандар азаматтар тарапынан жасалатынын айтқан облыс әкімі халықты жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орындалуын бақылауға алынуын, тиісті басқармамен бірлесіп жұмыссыздардың санын төмендету бойынша жоспарлы түрде нақты іс-шаралар жүргізуді жүктеді. Облыс прокуратурасымен бірлескен отырысты қорытындылаған Жансейіт Түймебаев мәжіліс барысында айтылған кемшіліктер мен сын-ескертпелерді хаттамаға енгізіп, оң нәтижелі жұмыстарды атқаруды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар