ОҚО әкімі Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумына келген делегаттармен кездесті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында 400-ге тарта кәсіпкердің басын қосқан Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумы өтті. Аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев шара аясында  көрші елдің сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Адхам Икрамов пен Сыртқы сауда министрінің орынбасары Сохиб Сайфназаров бастаған делегациямен кездесті, деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.

Қасиетті Рамазан айында  алғашқы бірлескен іскерлік кеңестің бірінші кездесуі мен бизнес-форумның Оңтүстік жерінде өткізіліп жатқанына қуанышты екенін жеткізген облыс әкімі өзара іс-әрекеттер жақын болашақта  нәтижесін береріне сенім білдірді.

«Біздің облыс Өзбекстанмен шекаралас, бұл аймақ үшін де бүкіл ел үшін де өте маңызды фактор болып табылады.  Бұл өз кезінде экономиканың барлық салаларында екіжақты қатынастарды дамытуға үлкен мүмкіндіктер береді. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан мен Өзбекстан мемлекет басшылары 2018 жылды Қазақстандағы Өзбекстан жылы деп жариялады. Бүгінде біздің аймақ пен Өзбекстан арасында шекаралық ынтымақтастық дамып келеді. 2017 жылдың 15-16 қыркүйегінде Ташкентте Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумы өтті. Аталған жиынға Оңтүстік Қазақстан облысынан 150-ден астам мемлекеттік және жеке ұйымдар қатысты. Форум барысында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен Ташкент, Сырдария және Жызақ облысы әкімдерінің арасында сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған болатын»,-деді аймақ басшысы.

Өзбек делегациясымен болған екіжақты кездесуде сауда-экономикалық қарым-қатынасты одан әрі дамытып, тауар айналымды арттыруға бағытталған бірлескен жүйелі жұмыстарды атқару жайы сөз болды.

Өз кезінде мәртебелі мейман Адхам Икрамов екі елдің ғасырдан бері жалғасқан достық қарым-қатынасы одан әрі  жандана түсетінін айтып, бүгінгі өтіп жатқан іскерлік жиында ОҚО кәсіпкерлері мен өзбекстандық бизнесмендер арасында сауда-экономикалық байланыс нығая түсетініне сенімді екенін жеткізді.

Сөз соңында облыс әкімі өзбек компанияларының Оңтүстік өңірінде бизнесті дамыту бойынша бастамаларына толық қолдау көрсетуге әзір екендігін айтты. Қазірдің өзінде Өзбекстан  Орталық Азиядағы Қазақстанның ірі сауда серіктесі саналады. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында елдер арасындағы сыртқы сауда айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50 пайызға артқан. Ал жыл соңына дейін екіжақты сауданың көлемін 3 миллиард АҚШ долларына дейін арттыру жоспарлануда.

Айта кетейік, 11-12 мамыр күндері Шымкент қаласында «Оңтүстік Қазақстан-Өзбекстан» тоқыма өнеркәсібі өнімдерінің бірлескен көрмесі өткен болатын. Көрмеге тоқыма, киім және теріден жасалған өнімдер, фармацевтика, жиһаз, сувенирлер, спорттық тауарлар мен ойыншықтар өндіретін оңтүстікқазақстандық және өзбекстандық 60-қа жуық кәсіпорындар қатысты.

Фото: Самат Мырзалиев

Соңғы жаңалықтар