ОҚО әкімі ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға ЖОО гранттарын тапсырды

None
None
АСТАНА. 2 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов облыстағы жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға жоғары оқу орындарының гранттарын табыс етті.

Жалпы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 2012-2013 оқу жылында 11-сыныпты жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы 275 бала бітірген. Олардың 133-і облыстағы жоғары оқу орындарына, 103-і колледждерге, 26-сы республиканың басқа өңірлеріне оқуға түсуге және 13-і жұмыс істеуге ниет білдірген.

Бұл туралы ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Облыстағы жоғары оқу орындарында оқуға түсуге ниет білдірген 133 түлектің 79-ы Ұлттық бірыңғай тестілеуде 50 балдан жоғары нәтиже көрсеткен болатын. Соған орай, облыстағы 11 жоғары оқу орындарының басшыларына ұсыныс жасалып, 79 ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды ақысыз оқыту мәселесі ЖОО басшылары тарапынан қолдау тапты.

Грант жолдамасын тапсыру барысында аймақ басшысы Асқар Мырзахметов былтыр облыста 88 мектептің құрылысы жүріп, оның елуі пайдалануға берілгенін атап өтті. «Биыл тағы 80 мектеп салынуда. Дарынды балаларды оқытатын Назарбаев зияткерлік мектебінің біреуі пайдалануға берілді. Екіншісі таяу арада есігін айқара ашатын болады. Мемлекетіміздің білім саласына ерекше қамқорлық танытып отырған саясатының нәтижесінде білім аламын деушілерге барлық жағдайлар жасалып отыр» - деді ол.

Сонымен қатар облыс әкімі жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға сенімді ақтап, білімді азаматтар болып қалыптасуына және оларды тегін оқытуға мүмкіндік жасап отырған ЖОО басшыларына алғысын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар