ОҚО әкімдігі көпқабатты үйлерді жөндеуге 1,2 млрд теңге жұмсамақ

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Биыл Оңтүстік Қазақстан облысында көпқабатты 83 түрғын үй күрделі жөндеуден өтеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникация орталығында Облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марғұлан Марайым мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл көпқабатты түрғын үйлердің күрделі жөндеу жұмыстарына 1,2 млрд теңге қаржы қарастырылып отыр. Сондай-ақ, көпқабатты 9 тұрғын үйдің сейсмикалық жағдайын нығайту үшін  қазынадан 453,5 млн теңге қаржы бөлу жоспарлануда. 

«Қазіргі таңда  облыс көлемінде 3 518 көпқабатты тұрғын үй бар болса, оның 1393-і,  яғни 39,6 пайызы күрделі жөндеуді талап етеді. Ал 20-сында сейсмикалық нығайту қажет. Тұрғын үйлерді күрделі жөндеудің 2017-2020 жылдарға  арналған кешенді іс-шара жоспарына сәйкес,  2020 жылға қосымша 488 көпқабатты тұрғын үйде тиісті жұмыстар атқарылмақ. Бұл бағытқа 6 млрд 861  млн теңге бағытталуы тиіс. Нәтижесінде күрделі жөндеуді талап ететін тұрғын үйлердің үлесін 39,6 пайыздан 25,7 пайызға төмендету көзделіп отыр», - деді Марғұлан Зұлқарнайұлы.

Баспасөз мәслихаты барысында басқарма басшысы көпқабатты үйлерді жылумен қамту мәселесіне ерекше тоқталып өтті. Бүгінде өңірде орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін 16 жылу беруші кәсіпорын мен 1108  кіші қазандық жұмыс істейді. Жылу құбырларының жалпы ұзындығы 610,1 шақырымды құрайды. Осы бағытта соңғы 3 жылда 5 млрд теңге көлемінде қаржы бөлініп, 153 шақырым жылу құбырлары қайта құрылды. Атқарылған жұмыстардың арқасында құбырлардың тозығы жету деңгейі 51 пайыздан 35 пайызға төмендетілген.  Қазіргі кезде облыстың жылу беру барысы штаттық режимде өтуде. Барлық мекемелер қажетті катты және сұйық отынмен  қамтамасыз етілген.

Облыс тұрғындарын көмірмен қамтамасыз ету жағдайына тоқталған Марғұлан Марайым бүгінде қатты отынға деген сұраныс  1 млн тоннаны құрайтынын атап өтті. Оның ішінде тұрғындарға қажетті 750 мың, жылыжайларға  250 мың тонна қажет. Бүгінгі күні сұраныстың 85 пайызы қамтамасыз етіліп, көмір тасымалының жұмысы жалғасуда екен. 

Соңғы жаңалықтар