Өкіметті емес, өзіңді жөнде - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарындағы өңірлік баспасөзге шолу ұсынады.

*   *   *

Әулиекөлдіктер неге дүрлікті? - «Қостанай таңы» газеті

 Әлеуметтік желінің әлегі көп. Жалған ақпарат тарату, елді орынсыз дүрліктіру де осы желіні пайдаланушылардың ойланбай, қызық үшін не әдейі істеген әрекетінен туындайды. «Қостанай таңы» газеті де осындай өңірде орын алған кезекті дүрлігудің салдарын талдапты.   Газеттің жазуынша, әлемжеліде біреулердің «1 қазан күні аудандағы туберкулезден емдеу ауруханасына құрт ауруының дәріге көнбейтін, яғни асқынған түріне шалдыққан науқастарды, соның ішінде сотталғандар мен кезбелерді, маскүнемдерді әкеледі» деген хабарламасы лезде тарап, бұған бүтін бір аудан халқы наразылық танытқан болатын. Бір қызығы әлгі ақпаратты растағандай аурухананың айналасын биік дуалдармен қоршап, түрмедегідей темір сымдарды тартып жатқанын көрген тұрғындарда одан сайын маза кетті. Тіпті 1 қазан күні әулиекөлдіктер аталмыш аурухана алаңына жиналып, митинг те ұйымдастырған екен. Дүрліккен халыққа басу айтуға аудан әкімі де келіп, аудандық мәдениет үйінде жиналыс өтті. Әлгі жиында ресми билік жұртқа дүрлігуге еш негіз жоқ екенін дәлелдемек болған. «WatsApp» арқылы тараған "қорқынышты" ақпарат еш шындыққа келмейді. Керісінше, бөлімшедегі орындарды қысқартып жатырмыз. Себебі, ауданда соңғы жылдары туберкулез көрсеткіші бес есеге төмендеді. Ал, қоршауға келер болсақ, бұл да сіздердің денсаулықтарыңыз үшін жасалып жатқан жағдай. Санитарлық талапқа сай, мұндай ауруханалар биік дуалдармен қоршалуы тиіс» деп жауап берген екен облыстық басшылар. Дуал демекші науқастар арасында нашақор да, түрмеден шыққандар да, маскүнемдер де бар болатындықтан, сақтық шара ретінде салынған сықылды.

Не керек, ауданда өткен жиында әулиекөлдіктерді облыстық денсаулық сақтау басшысынан бастап, мәслихат депутаттарына дейін сабырға шақырған. Ақыр аяғы елді дүрліктіріп, арандататын жалған ақпарат таратқандарды тауып жазалау мәселесі де көтерілген. Бір қызығы тілші мақаласына сүйенсек, әлгі атышулы аурухананың әкімшілігі дәл осы мәселеге сұхбат беруден жалтарып, бастарын ала қашқаны білінеді. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» десек, осының өзі біраз ойлантады адамды.

 

Өкіметті емес, өзіңді жөнде - «Оңтүстік Қазақстан» газеті

Ұлт намысы туралы мәселені «Оңтүстік Қазақстан» газеті көтеріп отыр. Мақала авторы Өмірзақ Ақжігіт «ұлт намысының жоғалып бара жатқанына» мысалдар келтіріп, ойын ортаға салады. Айтуынша, қазақ ұлттық киімді киюден қалып барады. Соның өзі намыстың өшіп бара жатқанын көрсететіндей.  «Ұлттың қай ұлт екенi бiрiншi киiмiнен бiлiнсе, екiншi тiлiнен бiлiнедi. Бұл мәселеде мақтанатын түгiмiз жоқ. Тағы да жоғарыға сiлтемей, әрқайсысымыз өзiмiзден бастайықшы. Үкiмет бiр де бiреуiмiздi «неге қазақша сөйлейсiң?» деп қудалаған жоқ қой. Қайта Елбасының өзi қазақ қазақпен қазақша сөйлессiн дегендi ашық айтты. Бұрынғы және бүгiнгi астанада, Арқаның қалаларында, көшеде қазақша сөйлейтiн қазақ табу қиын. Ең қазағы көп Шымқаламыздың да жырғап тұрғаны шамалы. Автобусқа мiнсең еститiнiң «за проезд передавайте», ал, автобустың iшiнде көбiне ырымға орыс таппайсың. Аялдама атаулары да атам заман, ақ иректегi «Полторацкий», «Карл Маркс» күйiнде. Неге «қабылданған атауын айтпайды?» десек, «кондукторларды оған мiндеттейтiн заң жоқ» екен... Намыссыздығымызды бүркеуге келгенде заңшыл бола қалатынымыз-ай» деп жазады автор.

Ұлт намысын ұрпақ тәрбиесімен ұштастыра отырып, мақалада бүгінгі мектеп мәселесі сөз болады. Автор мұғалімдер арасында ер азаматтардың тапшылығын қозғай отырып, педагогикалық оқу орындарында ұл балаларға жағдай жасалуы тиістігін алға тартады. «Намысы бар ұлт ешқашан да өзiнiң кем-кетiгiн өкiмет жөндеп бередi деп қарап отырмайды. Намысы бар ұлт өзiн жөндейдi, сол арқылы өкiметiне көмектеседi...Қашанда тәжiрибенiң үлкенi - өз iсiңмен үлгi көрсету. Iсiң басқа, айтар ақыл-кеңесiң мүлде басқа болса, ол екiжүздiлiктен басқаға үйретпейдi. Бiз, үлкендер, өзiмiз түзелмеген күйiмiзде Тәуелсiздiктiң тағдырын жас ұрпақтың мойнына түгел артқан бойда кетуге хақымыз жоқ...» деп түйіндейді автор.

 

Күйді эстрада бағытында орындау - оны қорлаумен тең - «Атырау» газеті

null 

«Атырау» газетінің соңғы нөмірлдерінің бірінде Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық қазақ  халық  аспаптар оркестрінің бас дирижері Арман Жүдебаевпен сұхбат жарияланған екен.  Сұхбат барысында тілші танымал дирижер әрі әрі дәулескер домбырашыдан: «Қазіргі таңда жастар күйді эстрадаға қосып жүр. Бұған қалай қарайсыз? Бұл - жаңашылдық па, әлде, ұлттық құндылықты жоюға жасалған қадам ба?» деп сұраған екен.

«Күй - Тәңірден берілген сый, табиғаттан дарыған құдіретті күш. Шетсіз-шексіз әуендер қазақ даласының символикасы іспетті. Сонау Алтайдан Атырауға дейін, теріскейден түстікке дейін созылып жатқан ұлан-ғайыр кең даламыз маған кейде  күй тартып тұрғандай болып көрінеді. Күй атасы-Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, күй анасы - Дина осы бір шексіз әуенді бүгінгі ұрпаққа домбыра арқылы жеткізіп кетті. Олардың бізге берген ұлы мұрасын ертеңге апару - қасиетті парызымыз. Сол себепті, күйді жұлмалауға қарсымын» деп жауап береді Арман Жүдебаев. Оның пікірінше, қазіргі жастарға эстрадамен жеткізілетін күй түсінікті болуы да мүмкін. Әйтсе де, домбырашы онда күйдің өзі үлкен өзгеріске ұшырайтынын, кей жерлері мүлдем өзгеріп кететінін айтады.

«Әлбетте, домбыра мен эстраданың бірлігін мүлдем жоққа шығаруға да болмас. Бірақ, халықтың ұлы мұрасын, ұлттық дәстүрін бірінші орынға қоюымыз керек. Қандай жағдайда да күйдің түпнұсқасы сақталуы шарт. Жастар домбыра тарту осы деп ойлап, жеңіл табысқа, арзан  даңққа әуес. Алайда, ұлт құндылығын дәріптеп, болашаққа жеткізу үшін көп ойланған дұрыс», дейді дирижер.

Сұхбат барысында шетелдіктердің қазақтың дәстүрлі өнері туралы да  әңгіме өрбігін. Айтуынша, еуропаның талғамы жоғары көрермендері де қазақтың өнеріне құрметпен қарайды. «Әлі есімде, Германияда өнер көрсеттік. Құрманғазының «Сарыарқасы» орындалғанда, бір егде жастағы адам көзіне жас алып, бізге айрықша қошемет көрсетті. «Қазақ деген ұлтты, қазақ  даласын, үнін осы күй танытты. Біз енді қазақтың ұлттық мұрасын жақсы түсінеміз, іздеп жүріп оқимыз, тыңдаймыз» деді. Шетелдік кәсіби музыканттардың өзі «Екі ішектен қандай ғажап дыбыстар беруге болады?» деп таңырқап жатады. Сол кезде шоқтығымыз биіктеп, төбеміз көкке бір елі жетпей тұрады» дейді ол. Сұхбатта сондай-ақ «күйші» мен «орындаушыға» қатысты мәселелер қозғалыпты.  

"Бақытсыз Жамал" романы жазылған ауыл - «Дидар» газеті

null 

Шығыс Қазақстаннан шығатын «Дидар» газетінде Қуаныш ауылы туралы мақала жарық көрген екен. Мақалада елімізге әйгілі айтулы тұлғалар шыққан Қуаныш ауылының тарихы туралы сыр шертіледі. Мұрағат деректеріне қарай ауылдың қалыптасуы, ондағы алғашқы мектептің, мешіттің ашылу жайы қозғалады. Кейіннен сол кездегі зиялылардың, қайраткерлердің ауылмен байланысты тағдырларына да орын беріледі. 1904 жылы салынған мектеп пен сол жылы ашылған мешіт туралы, оның бүгінгі орнына дейін көрсетіледі. «Шоқан Уәлиханов атындағы тарих-этнография институтының ғалымы В.Галиев Міржақып Дулатовтың еңбектері туралы көлемді кітап жазды. Ол кітапта Қуаныш ауылы туралы тың деректер бар. Алаш қайраткері Дулатов мектепте ұстаздық қызметпен қатар шығармашылықпен де айналысқан. Қазақтың тұңғыш романы «Бақытсыз Жамал» осы ауылда жазылған. Роман кейіпкері Жамалдың Қуаныш ауылынан Зайсанға атпен шығып, жолда боранда үсіп өлгені, сол кездегі қазақ әйелдерінің қайғы-қасіретке толы аянышты өмірі суреттеледі», - деп жазады «Дидар» газеті.

  

Қарақұдықтағы «құбыжық» қайдан шықты - Маңғыстау-медиа

Әлеуметтік желіде шу болған тағы бір мәселе Маңғыстау өңірінде орын алған-ды. Қыркүйек басында Қарақұдық ауылында белгісіз  зиянкес пайда болғаны, ол  үй жануарларына әлсін-әлсін шабуыл жасап, біршама құс пен малды жарақаттап өлтіріп жатқаны туралы  суыт хабар лезде-ақ тарап кеткен. Осыған байланысты «Маңғыстау-медиа» сайтында «Қарақұдықтағы қанішер құбыжық халықтың қорқынышын күшейте түсуде» деген тақырыппен мақала жарияланып, кейіннен бұл жұртшылықтың сұранысын үдеткен. Мәселенің мәнісіне журналист Шынар Кендін барлаған екен. Ауыл әкімінің айтуынша, қыркүйек айынан бастап ауылда белгісіз аң тұрғындардың малына залал келтірген. 32 бас қой-ешкі, 17 үй құсына шабуылдапты. «Малдарына зиян келген тұрғындардан ешқандай арыз-шағым түскен жоқ. Қандай аң екенін ешкім де анықтай алмауда. Осыған байланысты ауыл әкімшілігінің ұйымдастыруымен учаскелік полиция және ауыл жастарынан құралған түнгі кезекшілік шаралары жүргізілуде. Сонымен қатар, аңшы Алдаберді Ақшабаев деген азаматпен келісіп зиянкесті аулау үшін қақпан құрылды», депті Қарақұдық ауылының әкімі.

Мақалада әлгі белгісіз жыртқышты көзбен көргендердің әңгімесі де келтіріледі. Олардың біразы бұның тазы итке ұқсайтынын айтқан. «Сонда қалай? Жұртты дүрліктіріп, «құбыжық», « қансорғыш», «чупакабра» деп жүрген  белгісіз зиянкесіміз ит болғаны ма? Ит болғанда да, тазы итке ұқсайтын көрінеді. Егер  қаңғыбас ит болса, «шабуылдаған жануардың қанын сорады-мыс» деген әңгіме қаншалықты рас? Бұл жағын әзірге ешкім де білмейді. «Ашынған бөрі, ашыққан ұры болады» дегендей, қаңғыбас ит болуы мүмкін дегенді алға тартады, көзқарақты адамдар» деп жазады автор.

  

Терапия келмеске кете ме?-  «Сарыарқа самалы» газеті

Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газеті медицина саласындағы жаңалықтармен жұртшылықты таныстырады. «Келесі жылдан бастап емханадан терапевт маман іздеп таусылып жүрмеңіз. Өйткені медицина саласына енгізіліп жатқан тағы бір жаңашылдық бұдан былай терапияны толық жауып, орнына педиатрия және жалпы практика дәрігерлері учаскелерін көбейтуді көздеп отыр», - деп жазады газет.  

Айта кетерлігі, жалпы практикадағы дәрігерлердің жұмыс істегеніне де бірнеше жыл болған. Ол бойынша бір дәрігер сәбилер мен ересектерді қатар қабылдап, жоғары оқу орындарында педиатрия факультеттері жаппай жабылған еді. Кейін жұрт дабыл көтеріп, бала қарайтын дәрігерлер қайта бөлінген. Мақалада маман тапшылығы мәселесі де қозғалады. Тоқтал кететін жайт, кадр тапшылығы бір облыстың ғана емес бүкіл еліміздегі басты мәселенің бірі екені белгілі. «Өмірінің талай жылын терапияға арнаған ақ желеңдіге «бұдан былай терапевт деген аттан айырыласыз» дегенді есту оңай тимесі анық. - Қандай жаңашылдыққа болсын қай-қайсымыз да жатырқай қарайтынымыз рас. Біздің терапевтер де алғашында қобалжыды. Бірақ талпынып, оқып, тырысуда. Көнбеске амал жоқ. Өйткені шешім қабылданып қойған. Жұмыссыз қалмау үшін бәрі білімін жетілдіріп, өзгеріске уақыт өте үйреніп кетеді. Теориясымен қатар, практикасы да үйретіледі, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі», - деп жазады Сарыарқа самалы. Расында жұртшылық кез-келген жаңалыққа тосырқай қарайтыны, лезден қабылдай алмайтыны анық. Дегенмен қайсы жақсы үлгіні уақыт көрсетеді. «Бастысы, бұдан бұрын «келмеске кетірген» педиатрларымызбен қайта қауышқанымыздай, терапевтерді де жылдар өте ортамызға оралтып жатпасақ болғаны» деп түйіндейді газет.

Соңғы жаңалықтар