Өкілді билік тармағын қайта құру қалай жүзеге асырылады
2022 жылғы 29 наурыз 09:28

Өкілді билік тармағын қайта құру қалай жүзеге асырылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжіліске заңдар қабылдау құқығы беріледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, «Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының «Өкілді билік тармағын қайта құру» бағытында 4 іс-шара жоспарланған.

«Заңнамаға төмендегідей өзгерістерді енгізу арқылы Парламент Сенатын жасақтау тәртібі мен оның бірқатар функциялары қайта қаралатын болады. Атап айтқанда, Сенаттағы президенттік квота 15-тен 10 депутатқа дейін қысқарады, оның ішінде 5 депутатты Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынады. Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы Мәжілістен Сенатқа беріледі», - деді ол.

Министрдің айтуынша, Парламент Мәжілісі қабылдаған заңдарды Парламент Сенатының мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беру, Парламент Сенатының өкілеттіктерін Конституциялық Кеңестің және Жоғары сот Кеңесінің төрағалары лауазымдарына кандидатураларды келісу құқығымен толықтыру көзделеді.

«Парламент Мәжілісіне заңдар қабылдау құқығы беріледі. Бұдан басқа, Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құрылады. Сонымен қатар, заңнамаға Президенттің облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімдері лауазымдарына баламалы негізде кемінде екі кандидатура енгізу құқығын, сондай-ақ мәслихат төрағасы лауазымын енгізуді регламенттейтін түзетулер әзірленетін болады», - деді Әлібек Қуантыров.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT